- Негізгі бет
- Денсаулық
- Елімізде қатерлі дертті...
Елімізде қатерлі дертті қалай емдейді?
Алматыда 12 маусым күні медицина қызметкерлері мерекесі қарсаңында Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы журналистер үшін пресс-тур өткізді. Ол жерден екі бірдей орталық қызметкерлерінің бір күндік жұмысын бақылап, адам өмірін сақтап қалудың қиындығы мен машақатын өз көзімізбен көрдік. Оған қоса, күрделі ота жасауға қатысып, заманауи құрылғыларымен танысуға мүмкіндік алдық.
Әлемдегі ең қауіпті әрі емі табылмаған ісік пен туберкулез аурулары қоғамымыздың ең басты дерті болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл қатерлі аурулармен күресудің жаңа жолдарын қарастырып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәл қазір өлім-жітім көрсеткіші бойынша, қатерлі ісік аурулары екінші орында тұр. Яғни жыл сайын 17 000 адам осы дерттің себебінен көз жұмады. Дәл қазір тіркеуде тұрғандар саны 146 400-ге жеткен. Халқымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен өмір сапасын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған бюджеттен 211 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жатыр мойны, сүт безі, өңеш және асқазан, бауырдың қатерлі ісігін, оған қоса, қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау мен оны толық емдеу және өлім көрсеткішін азайтуға бағытталған алты скринингтік бағдарламаны іске қосты.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы Қуаныш Шадыбайұлы Нұрғазиев
"Lightspeed" томографиялық сканері
Сканерден өткен науқасты тексеретін компьютер
Қатерлі ісікке ота жасау
Осыған байланысты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы Қуаныш Шадыбайұлы Нұрғазиев өз пікірін білдірді:
«Сіздер соңғы рет медициналық тексеруден қашан өттіңіздер? Ал ата-аналарыңыз ше? Барлығымыз да олардың жанымызда жүріп, ортамызда ұзақ өмір сүргенін қалаймыз. Алайда бұл үшін әрекет жасамаймыз. Ол әрекетті, ең алдымен, сіздер секілді журналист қауымы жасауы тиіс. Мысалы, Израиль мен Аустрияда адам 50 жастан асқан соң міндетті түрде жуан ішегін тексертеді. Ал 3 жылда бір рет бұл тексеруден өтпесе, заңды түрде несие картасын пайдалану құқығынан айырылады. Бұдан өзге Оңтүстік Корея азаматы мамандарға тексеріліп, бойынан ауруы табылған жағдайда мемлекет емнің 70%-ын өзі төлейді. Ал егер уақытында қаралмай сырқаттанса, шығынды толығымен науқас төлеуге мәжбүр болады. Бұл – нағыз мотивация, үлкен жауапкершілік. Өкінішке орай, елімізде осы бағытта жұмыс істейтін саясатшылар жоқ.
Сіз тұрғылықты мекенжайыңызға сәйкес, белгілі бір поликлиникада тіркелгенсіз. Тексеруден өту үшін тек сол жерге барсаңыз жеткілікті. Әйел адам жарты жылда бір рет гинекологқа, ал еркек адам 40 жастан асқан соң урологқа қаралуы тиіс. Шындығында, мемлекет халық үшін көп нәрсе жасайды. Бірақ ең алдымен, қарапайым халықтың сана-сезімін көтеруіміз керек», - деді. Расымен де, «Адам түзелмей, әлем түзелмейді» демекші, барлығы да өзіміздің қолымызда. Салауатты, сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін бүгіннен бастап өзімізді күту - парызымыз.
Ауру адамдарды тасымалдайтын "жеделсаты"
Науқастарды бақылап отыратын бейне құрал
Науқас бетпердесі
"Clinac-600 C/D" құрылғысы
Қатерлі ісік ауруын сәуле түсіріп емдеу
Мұнымен қатар, 2005 жылы шетелден сатып алынатын құрылғы дау-дамайына байланысты бүгінгі жағдайдың қандай екендігін төмендегідей айтып өтті:
"Бізде заманауи құрылғылар бар. Мемлекетіміз барлығын да сатып алады. Ол технологиялық құрылғылардың бағасы жарты миллиардтан кем емес. Ең сапалы құрылғылар Американың «Varian Medical Systems» компаниясынан шығады. Аталған құрылғылар кибер, гамма пышақтарды алмастырады. Мұнымен қатар, бас ісігінің пішіні де әртүрлі болатындығын ескеруіміз керек. Ол дөңгелек, үшбұрышты немесе төртбұрышты болуы мүмкін. Ал заманауи құрылғылардың артықшылығы – тек қажетті жасушаларды ғана сәулелендіріп, тірісіне мүлдем әсер еткізбеу. Бұл 6D құрылғысының көмегімен орындалатын рәсім «жайлы сәулелендіру терапиясы» деп аталады".
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жиі айтсақ та, оны қаншалықты орындайтындығымыз өзімізге ғана мәлім.
Арнайы Massaget.kz үшін: Нұрбол Нұрмаханұлы, Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай