Зәйтүн майы: пайдасы, түрлері, сақтау

Зәйтүн майы: пайдасы, түрлері, сақтау

Зәйтүн майының емдік қасиетіне баға беру өте қиын. Гректер оны өмір, денсаулық, береке ағашы деп бекер атамаса керек. Біздің  халықта  да «сүйік алтын» деген атпен танымал май ежелгі заманнан бастап медицинада, дене, шаш күтімінде, ас даярлауда және күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылып келе жатыр. Осы туралы кеңірек айта отырайық.

Зәйтүнді пайдалы ететін оның моноқанықпаған майлары. Оны тағамды қуыруға да, табиғи күйінде де қорықпастан пайдалануға болады. Сіздің ағзаңыз өзіне керектіні алып, артығын қабылдамайды. Алайда, зәйтүн майының майлы әрі көпкалориялы тағам екенін ұмытпаңыз, оны диета кезінде абайлап пайдаланған жөн.

Зәйтүн майын тұрақты түрде пайдалану асқорыту жүйесін қалыпқа түсіріп, холестерин дәрежесін төмендетіп, жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алады. Зәйтүннің тағы да бір тамаша қасиеті қатерлі ісік ауруына душар болу қаупін сейілтетіндігінде және мұның бәрі де ғылыми түрде дәлелденген.

Диабет ауруын емдеудегі зәйтүн майының ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Соңғы зерттеулер бұл майдың диабетті қадағалап тұра алатындығын көрсетті. Сондай-ақ, күн сайын аш қарынға қабылданатын 1 қасық зәйтүн майы, иммунитетіңізді күшейтуге, артық салмақтан арылуға және ас қорыту мәселелерін шешуге көмектеседі.

Зәйтүн майын қырынуға арналған кремнің орнына қолдануға болады. Теріңізді қырып қана қоймай, сондай-ақ  ісініп қызарудан сақтайды және ылғалдандырады. Денеңізге зәйтүн майын жағып көріңіз. Ол теріңізді нәрлендіріп, әдемі алтын түстес реңк сыйлайды. Дегенмен, күнге күйіп қалмау үшін, әр 10 минут сайын суға түсіп тұруды ұмытпаңыз

Шашыңыз құрғақ болса, ал бас теріңіз қабықтанса, зәйтүн майын қолданып, шашқа арналған шипалы кондиционер дайындауға болады. Ол үшін жарты кесе ысытылған майды шашыңызға жағып, басыңызға арнайы телпек тағып, оның үстіне сүлгі орап, сол күйде 45 минут отыру қажет. Уақыт өткен соң, шашыңызды сабын сумен жақсылап жуу керек. Бұл әдіс шашыңыздың әдемілігін қайтару үшін өте тиімді.

Зәйтүн майының сорттары арасындағы айырмашылық

Зәйтүн майының танымал сорттары (таза, табиғи дәрежесі бойынша): Olive Oil, Virgin және Extra Virgin. Extra Virgin – ең жоғарғы сапалы май және ең қымбаты саналады. Мұнда зәйтүннің таза шырыны бар. Оны дайын тағамдарға пайдалану керек. Olive Oil – қуыруға немесе термоөндеулерге дұрыс келеді. Virgin – осы аталғандардың барлығы үшін жарамды.

Аспаздық пен зәйтүн майы

Зәйтүн майы термоөндеуге жарамды болғанымен, күйдіріп жібермеуге тырысыңыз. Өте жоғарғы температурада емдік қасиеттерін жоғалтып алады. Табада бірдеңе қуырмақ болсаңыз, оның технологиясы басқа майлардан басқаша болады. Майды құймас бұрын стақанның төрттен бір бөлігіндегі суды табаға құйып, ысытыңыз (қайнап кетпесін), сонан кейін азық-түлікті салып, бірнеше минут бұқтырып қойыңыз. Сонан кейін ғана зәйтүн майын қосу керек. Екі-үш минуттан кейін табаны оттан алыңыз. Егер тағамды қатты отта пісіруді әдетке айналдырсаңыз, зәйтүнді емес, басқа майды пайдаланғаныңыз абзал.

Зәйтүн майын сақтау

Бірнеше литрлік майды бірден сатып алуға асықпаңыз. Егер оны 3-4 айда тауысып бітпесеңіз, май өзінің пайдалы қасиеттерінің 40 пайызын жоғалтып алады. Зәйтүн майын қышқылданып кетпеуі үшін салқын жерде сақтаңыз. Майды тоңазытқышта сақтағанда тұнба пайда болуы мүмкін. Мұндайда оны тастауға асықпаңыз, жылы жерге шыққаннан кейін тұнба еріп кетеді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: www.skai.gr, www.yugos.ru