Қатпарланған тырнақтарды емдеу

Қатпарланған тырнақтарды емдеу

Осыған дейін "Аяқ тырнақтары неліктен қатпарланады?" деген сұраққа жауап іздеген едік. Бүгін қатпарланған тырнақтарды емдеу әдістерімен таныс болайық.

Емдік косметика құралдары

Қатпарланып кеткен тырнақтарды арнайы тырнаққа арналған крем мен майлар емдей алады. Оларды оңайлықпен дәріхана не дүкендерден таба аласыз. Мұндай косметикада аллатонин, пантенол, липосомдар және басқа да қоректендіретін заттар болуы керек. Сондай-ақ, құрамында тырнақты берік қылатын С дәрумені мен протеині бар кремдер өте пайдалы бола алады. 

Массаж

Аяққа теңіз тұзы салынған су дайындаңыз. Теңіз тұзындағы йод және басқа да пайдалы заттар тырнаққа жақсы әсер береді. Аяқтарыңызды осындай суға 15 минутқа салыңыз. Артынан жұмсақ щетка-қырғышпен тырнақ маңындағы теріге массаж жасаңыз. Бұл жерлерге глицирин не балаларға арналған сабын жағуға болады. Осындай массажды аптасына үш рет жасау абзал.

Парафинотерапия

Қатты қатпарланып, қабаттары түсіп жатқан тырнақтарды емдеу үшін парафинотерапияға жүгінуге болады. Мұндай дауаны сұлулық салондарында жасатқан жөн.

Біріншіден маман аяқ саусақтарын жақсылап сабындап жуып, терісін дезинфекциялайды. Кейін теріңіздің кішкене бөлігіне парафин жағып, аллергия жоқ екендігіне көз жеткізуі керек. Саусақтарыңызды парафин құйылған ыдысқа 10 секундқа малып шығарасыз, осылайша 3-5 рет қайталайсыз. Осыдан кейін аяқтарыңызды бірнеше қабат парафин орайтын болады. Парафин қатуын күтіп, үстінен пакет, және жылы шұлық киіндіреді. Жарты сағаттан кейін шешіп, парафинді алып тастайды. Маман артынан аяқ саусақтарына қоректендіргіш кремін жағып массаж жасауы тиіс.

Маска  мен компрестер

Тырнақ қатпарланғанда арнайы маска жасауға болады. Ол үшін 25 грамм глицерин, 70 грамм су және 5 грамм ашудас араластырыңыз. Пайда болған ерітіндіге сулықты малып, тырнақтарды ораңыз. Үстінен пакет пен жылы шұлық киген дұрыс. Осылайша жарты сағат жүріп, артынан саусақтарыңызды шайып жіберіңіз.

Сондай-ақ, аяқ саусақтарының тырнақтарына түнге ұйықтар алдында зәйтүн майын жағу пайдалы. Мұндай дауадан кейін аяғыңызға мақта шұлық киіңіз. 

Желімдеу

Бұл дауа тек арнайы косметологиялық салондарында орындалады. Тырнаққа арнайы дәрумендер мен микроэлементтерге бай косметологиялық заттар ерекше тәсілмен жағылып, желімденіп, тырнақта екі аптаға дейін сақталады. Бұндай желімдеу қатты қабаттанып кеткен тырнақтарды емдей алады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: nptakara.ru

С. А