VW UP

VW UP

Жанармай бекетіне келгенде көзіміз бірден ұзын бағанадағы сандарға ілінеді. (Lexus LX570 мініп жүргендерді айтпаймын.)  Әр жүргізушінің табиғи рефлексі шығар. Отын бағаларының күн санап өсетініне таң қалмасақ та, ішіміз қылп етіп, әлдебір жағымсыз сезімге бөленеміз. Жанармайды шелектеп «ішетін» көліктерімізден түсіп, үнемді үлгілерге көз тастасақ қалай болады? Қаражатымыз да үнемделеді, табиғи ортаның ластануы аз болса да, төмендейді емес пе? Жанармайды ішпей, тек «иіскейтін» үлгінінің суреттері мен техникалық сипаттамаларын атышулы Volkswagen концерні БАҚ көздеріне таратты. Жаңа, болашақтағы көліктерге тән сыртқы келбеті бар VW UP қала  көркіне айналары сөзсіз. Компанияның хабарлауынша, жаңа үлгінің  ұзындығы 3,54 м, ені 1,64 м болса, биіктігі 1,42 м. Осылайша жаңа «ап»  үлгілер қатарындағы ең кішкентай «Полодан»  ұзындығы 43, ені 4, биіктігі 5 см-ге кіші. Жүк салатын орынның көлемі 251л. Егер үйдегі кішігірім сөрені не болмаса, ескі теледидарды ауылдағы туысқандарыңызға апарып тастағыңыз келсе, артқы орындықтарды оп-оңай жинап алып, жүк орынның көлемін 951 л-ге дейін кеңейте аласыз. Жаңа үлгінің қозғалтқышы мен тасушы приводы көліктің алдыңғы жағында орналасады. Осындай орындалудағы үлгінің жобасы неміс автоөндірушісіне 670 млн. еуро көлемінде ақша үнемдеуге мүмкіндік берді.
Біздің жүргізушілеріміз де осындай көліктерге отыратын күні алыс емес-ау...

Суреттер en.wikipedia.org, automizel.com сайттарынан алынған

Форумда талқылайық.