Porsche Panamera-ның гибридін шығармақшы

Porsche Panamera-ның гибридін шығармақшы

Алыс емес болашақта жер бетіндегі барлық көліктер жағар-жанармайдын көмегінсіз адамдарды бір нүктеден екінші нүктеге қатынайтын болады деген болжамдарды күнделікті естіп жатпасақ та, бұл күннің алыс емес екендігін жақсы түсініп тұрмыз. Иә, жағар-жанармай тапшылығы автоөндірушілер мен өнертапқыштарды жаңа отын түрлерін табуға немесе қолданыста бар қорек көздерін жетілдіру жұмыстарына итермелеп отырғаны да ешкімге құпия емес. 

Естеріңізге салатын болсақ, біздің редакция сізді "Porsche" компаниясының шығу тарихымен таныстырған болатын. Дүниежүзіндегі ірі компаниялардың бірі болып табылатын "Porsche" де электр тоғының көмегімен жүретін темір тұлпарды өндіріске шығармақшы, деп хабарлайды Autoblog агенттігі Automotive News-қа сілтеме жасай отырып. 

Жақын арада компания  Panamera үлгісінің гибридті нұсқасын өндіріске шығармақшы. Қолданушы бұл көлікті кәдімгі электр розеткасы (plug-in hybrid) арқылы зарядтап алып, қалаған жеріне қатынай алады. Көліктің 2014 жылы өндіріске шығатыны жайлы көптеген сыбыстар автосүйер қауым арасында тарап жатыр. Сол сыбыстарға сенетін болсақ, көліктің басты нарығы АҚШ болмақшы деген негіз бар.

Гибридті Panamera Volkswagen компаниясының "электрлік" жобасының негізі тармақтарының бірі болып табылады. Айтпақшы, біле білсеңіз "Porsche" компаниясының 49,9% акциясы Volkswagen-нің меншігінде. Бұл "электрлік" жобаның тармақтарына неміс автоөндірушінің Audi Q7, Q3 мен Volkswagen Passat үлгілерінің электр нұсқалары жатады. Бұған қоса, 2013 жылға таман жаңа "жасыл" Golf EV көлігінің өндірісі жоспарда бар. VW басшылығы "жасыл" көліктердің болашағын гибридті үлгілерден көріп тұрғанын бірнеше рет айтқан болатын.

Сурет 3dnews.ru