Қ. Наурызәлиев: "Massaget.kz жобасының болашағына кәміл сенемін!"

Қ. Наурызәлиев: "Massaget.kz жобасының болашағына кәміл сенемін!"

Массагет порталының негізін қалаушылардың бірі, Массагеттің бұрынғы контент-менеджері Қайыржан Наурызәлиевтің лебізі.

Қайыржан, бәрін басынан бастағанымыз жөн болар. Massaget.kz порталына қалай келдіңіз?

Басында басқа жобаға контент-менеджер болып келіп едім. Массагет.кз қазақ тілді ойын-сауық порталының жобасы жайлы естігенде, қуанып қалып едім. Өйткені, бұрын-соңды қазақ тілінде бұндай жобаны кездестірмеппін. Техникалық мамандықты игергендіктен, мақала жазу мен үшін таңсық нәрсе. Бірақ, қасымда әрқашан демеу болып тұрған әріптестерімнің көмек көрсетуінің арқасында мақала жаза алатындай дәрежеге жеттік. Массагет.кз нөлден бастап құрастырылғандықтан, бұл жоба барлығымыздың иығымызға үлкен жүк болды. "Жастарға бұл жоба қызық бола ма, жоқ па?" деген сұрақ, команда мүшелерінің ұйқысын ұрлаған еді. Сайттың ашылу күні жақындай берген сайын, мойнымызға іліп алған жауапкершілік ауырлай берді. Ең алғаш сайтымыздың ашылған күні әлі есімде. Бұндайды ұмытасың ба? 16 желтоқсан. Еліміздің әр аймағында барша халық Тәуелсіздік күнін тойлағанда, команда жобаны дер кезінде бітіру үшін аянбай тер төкті. Бұл күн ғаламтор қолданушылары үшін жай ғана жаңа сайттың жарық көрумен естерінде қалса, біз үшін бұл күн тұңғыш баламыздың дүние есігін ашқанмен тең болды десем, артық емес. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, біз барлық ауыртпашылықты бірге көтеріп, Тәуелсіздік күніне арнап жобамызды паш еттік. Айтпақшы, программистердің еңбегін ұмытпайық ағайын. Олар болмаса, жоба болар ма еді?

Massaget.kz сізге не бере алды?

Ең бастысы бұл жоба менің және мен сияқты мыңдаған қазақ жастарының туған тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілігін одан сайын арттырып, патриоттық сезімдерін оятты. Бұл жобаның арқасында бірталай адаммен дос болдым. Блогосфера деген тамаша ұғыммен таныс болдым.

Сіз Massaget.kz-ке не бере алдыңыз?

Бергеннен алғаным көп болды. Әрине, біршама мақалалардың авторы болдым, соның кем дегенде біреуі оқырманға қызық болып көрінсе, сол мен үшін нағыз қуаныш.

Massaget.kz порталының болашағын қалай елестетесіз?

Массагет.кз жобасының болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін. Өйткені, қазақ жастарының дүниетанымын, қазақ тілінің дәрежесін асқақтатып тұрған ұжымның еңбегі бекер емес. Әрине, бұл тек ұжымның ғана емес, оқырманның да үлесі.

Massaget.kz-тің контент-менеджерлері қандай болу керек деп ойлайсыз?

Контент-менеджер жан-жақты білімді әрі жаңа тақырыптар мен идеяларды түсініп, оны одан сайын дамыта алатын сегіз қырлы, бір сырлы болуы тиіс. Ең бастысы ақпаратты дұрыс өңдей алып, оқырманды өзіне қарата білуі шарт.

Қазір қайдасыз? Немен айналысып жүрсіз?

Қазір Ресейдегі Томск қаласында магистратурада оқып жатырмын. Радиотехника мамандығы бойынша білімімді жетілдіру үшін шетелдік оқу орындарының бірін таңдағанды жөн көрдім.

Өзіңізге ерекше ұнайтын айдар?

Сайттағы ерекше ұнататын айдарым - "Техно". Техникалық мамандықтың иесі болғандықтан, бұл айдар өзіме ерекше жылы болып көрінеді. Бірақ, қыздардың сүйіп оқитын «Психология» айдарын жиі-жиі оқып тұрамын. Қыздардың психологиясын түсіну үшін. Бірақ оны түсіну жігіттерге бұйырмаған сияқты...

Туылған күнге тілек?

Ең бастысы денсаулық! Қалғанын көре жатармыз...

Сұхбаттасқан: Айгерім Сматуллаева

Сурет: жеке мұрағаттан