Қысқа ғұмырында бәріне үлгерген жауынгер

Қысқа ғұмырында бәріне үлгерген жауынгер
Фото: yvision.kz

Молдахметов Мұқыш 1905 жылы бұрынғы Семипалатинск губерниясы, Павлодар уезі, Баянауыл ауданы, Ганчан селосында өмірге келген. Мұқыш Молдахметовтың жазбасынан: «1905 жылдан 1917 жылға дейін жарлы әкемнің қарауында болдым, 1917 жылдан 1924 жылға дейін байдың қойшы-жалшысы болдым. 1924 жылы Жоғары комсомолдар ұйымына кірдім. 1925-1927 жылдар арасында Семейдегі губерниялық советтік партиялық мектепте оқыдым. 1924 жылдан бастап алты жыл қатарынан қоғамдық істерге араластым, партия қатарында екі жыл қызмет еттім. Свердлов қаласындағы коммунистік жоғары оқу орнында сырттай оқыдым».

Шын мәнінде атамыздың қызметтік жолы орасан зор. Сақталған құжаттарына қарап отырып, адам қысқа ғұмырында соншалықты көп іске қалай ғана үлгеріп кетті деп таңдай қағасыз... Ол прокурордың көмекшісі, одан кейін «Балқаш жұмысшысы» газетінің бас хатшысы болған. Мәскеуде Мемлекеттік еңбектік жинақ кассасы жүйесі қызметкерлерінің еңбек өнімділігін арттыру курсын аяқтаған. 1934 жылдан 1937 жылға дейін қайтадан Балқашта жұмыс істеген. Бүкіл қызмет жолын таза әрі адал атқарған.

1942 жылы майданға аттанған. Атамызда бронь болған, бірақ ол елін сүйер азамат ретінде, Отанын қорғаушы ретінде майдангерлер қатарында болуға бел буды. Сол жылдары Павлодарда банк басшысы болған еді, соғысқа аттануына байланысты қызметімен қош айтысты. Соғыс кезінде атқыштар ротасының командирі болды, майдандық шені – лейтенант. Соңғы борыш өтеген орны – 158-ші атқыштар дивизиясы.

1944 жылы соғыс кезінде Латвия ССР, Рига түбінде қаза тапты. Рига қаласына таяу Спалвас Иецава ауданына жуық ағасының қабірі жанына жерленді. Артында қалған төрт кішкене баласының соңғысын көріп те үлгермеді... Қайтыс болғаннан кейін атамыздың атына берілген Ұлы Отан соғысының II дәрежелі ордені отбасына табысталды.

Павлодар қаласындағы әкімшілік жанында орналасқан үйде тұрды. Сол жерге таяу тұста Жеңіс саябағындағы тақтада оның да аты жазылған.

@. @assel_assanova