Бір шаңырақтан шыққан үш батыр

Бір шаңырақтан шыққан үш батыр
Фото: img13.nnm.me

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының шежіресіне семейлік жауынгерлер аса зор үлес қосты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ неміс-фашист басқыншыларына қарсы бүкілхалықтық күрес ұйымдастырылды. Семейден аттанған ер-азаматтарымыз Ленинградты қорғауға, Волга бойындағы, Курск даласындағы шайқастарға, партизан қозғалысына, Украина, Белоруссия, Балтық бойын, Молдавияны, сондай-ақ еуропалық мемлекеттерді азат етуге, Берлинді алуға, Жапон милитаристерін талқандауға белсене қатысты. Семейліктер Мәскеу түбіндегі барлық бағытта жанқиярлықпен шайқасты. Семей қаласы қазақстандық әскери бөлімінің қалыптасуында маңызды рөл атқарды.

Қазіргі  таңда  елімізде барлығы 4715 соғыс ардагері қалды, оның 1362-сі – соғыстан мүгедек болып оралғандар. Шығыс Қазақстан облысында 594 ардагер ғана бар. Күн санап қатары сиреген жауынгерлік рухпен өмірін бояған батырлардың тірісіндегі дәм-тұзы таусылғанымен, шын  ғұмыры мәңгілік үлгіге айналары сөзсіз.

Тақырыбымызға  өзек  болып  отырған  жайт –  қазіргі  Семей  өңірінен  шыққан  үш  майдангердің  күрескерлік  ғұмыры. Бір шаңырақтан шыққан әкелі-балалылардың соғыс алаңына аттанып, Отан қорғауда көрсеткен ерлігі – көпке өнеге. 

Тәңірберген Омаров

Омардың ағайындас бауыры Сәби ашаршылықтан бұрын шаншудан көз жұмады. Сегіз  перзентімен жесір қалған Қатипа Әміреқызы аштық жылдары шиттей алты баласынан  айырылады. Азаматтан қалған тұяқтың амандығы мен болашағы үшін өзінен он жас  кіші  Омардың ұлыТәңірбергенге тұрмысқа шығады. Ол Қатипаға әмеңгерлік жолмен үйленіп, екі ұлы Молдатай (Молдажар), Кәрімді өз қамқорлығына алады. Сол бір сындарлы кезеңнен көп ұзамай-ақ өзі және көкесінің екі ұлы да ҰОС-қа аттанады. Омаров Тәңірберген 1912 жылы Қазақ ССР-і, Семей облысы, Ақсуат ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Кедей жанұядан шыққан ол жастай жетім өседі. 1941 жылы елді  дүрліктірген сұрапыл шайқасқа  аттанып, ҰОС-ынан 1944 жылы  ғана  жаралану  себепті  еліне  оралады. Жарасы  жазылмай  жатып, қайнаған еңбекке  араласады. Сол жылдың наурызынан бастап 1946 жылға дейін Ақсауыт аудандық Чапаев атындағы колхозда колхоз бастығы; 1947-49 жж. Тебіске колхозында колхоз  бастығы; 1949-52 жж. Жаңа жол колхозында колхоз бастығының орынбасары; 1953-55 жж. Көкжыра (Чверник) колхозында бастықтың орынбасары; 1955-67 жж. Ленин жолы колхозының Үштөбе ауылында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ал 1967-70 жж. Көкжыра селосындағы «КазСелхоз техникада» Мелиоративтік отрядта бригадир ретінде жұмыс жасайды. Осы еңбекқорлығы үшін жұмыстың әр кезеңдерінде түрлі мадақтау қағазын алған. Соғыста көрсеткен  жауынгерлік зор рухы мен табанды күресі ескеріліп, 1985 жылдың 14 наурызында арнайы «Ұлы Отан Соғысының І дәрежелі» орденімен марапатталған.

Марапаттары:
– «Жұмысына танытқан ерекше ықыласы мен адалдығы үшін» 1964 жылы 5 қарашадағы №217 бұйрық негізінде алғыс білдіріледі;.
– «Жұмысына танытқан ерекше ықыласы мен адалдығы үшін» еңбек кітапшасына 1968 жылы 6 қарашадағы №189 бұйрық негізінде алғыс білдіріледі;
– 1974 жылы мамырдың 22-сі «Социалистік Жеңіскерімен танысу» шарасында арнайы мадақтау куәлігі табыс етілді;
– 1975 жылы 25 сәуірде «1941-1945 жж. Ұлы Отан Соғысының 30 жылдығы» медалімен марапатталды;
– 1985 жылы 8 тамызда «1941-1945 жж. Ұлы Отан Соғысының 40 жылдығы» құрметіне арналған медалін иеленеді;
– 17.12.1990 жылы «Еңбек ардагері» куәлігімен марапатталды;
– 1995 жылы 30 мамырда «1941-1945 жж. Ұлы Отан Соғысының 50 жылдығы» құрметіне арналған медалін иеленді.

Молдажар Сәбиев

Ағасынан аманат болып қалған ермінез ұлдары Сәбиев Молдажар мен Сәбиев Кәрім де соғыста өз жандарын аямаған. 1923 жылы дүниеге келген Молдажар 18 жасына толар-толмастан 13.08.1941  жылы Семей облысы, Көкпекті ауданы, Көкпекті бекетінен оқжауынға аттанады. Аға сержант  Молдажар 1944 жылы 21 тамыз күні Молдова ССР-і Бендерская ауданында танк пен «Фердинанд» зеңбірегі  қатысуымен  қызу  шайқаста  асқан  ерлікпен  көзге  түскен. Қолындағы гранатасымен «Фердинанд» зеңбірегіне қарсы шығып, танкілердің көзін жояды. Дұшпанның қарсы шабуылының алдын алуда сәтті ұрыскерлік үлгісін көрсетеді. Сәбиев Молдажар 1949 жылға дейін Югославияда тұтқында болып, кейіннен елге оралған.



Кәрім Сәбиев

Молдажардан бір жас кіші Сәбиев Кәрім соғыстан сол кеткеннен із-түссіз, хат-хабарсыз қалған. Ол  туралы деректер күңгірттеу. Бір анығы майдангер жолдастары Ақан Есентеміров пен Шәріп Мүтәйіровтердің айтуынша, 1943 жылғы тамыз шайқасында немістердің тосыннан жасаған шабуылы барысында бомбалау аймағында қалып қойған. Сол күйі қопарылған шаң ішіне жұтылып, топырақ  астында қалып қалған болуы керек деген болжам  бар. Расында да ол тұста жүргізілген ұрыстардан соң, қайта тексеру, мәйіттерді жинау жұмыстары үнемі жүргізіле бермеген. Оның соғыс қимылдары, төтенше  жағдайдағы  жоспардың  өзгермелі  сипатта  болуы  секілді  түрлі себебі  бар. Осыған  байланысты  жуырда ғана іске  қосылған  http://www.obd-memorial.ru/ Ресей Федерациясының із-түссіз жоғалған, оралмаған жауынгерлеріне арналған сайтының мұрағатынан Сәбиев Кәрімге қатысты тың мәліметтерді табуға болады. 

Бүгінгі таңда  қасиетті  борышын  адал өтеп, татымды да мағыналы өмір өткерген, ұрпақтарына ұлы өнеге танытқан батыр бабалардың  ғұмырындағы көлеңкелі  тұстарды тереңінен барлау үшін іздестіру істері үзіліссіз жүргізілуде. Бабалар жайлы ақпарлар алдағы уақытта  да кеңінен анықталады деген үміттеміз. Ерлікті серік еткен ерлерден тараған ұрпақ бүгінде үлкен әулетке айналып, желегін жайған қара орман болып, жас буын өз мақтаныштарына айналған аталар атын аңыз қылап айтады. Қазақтың сұрапыл соғыста қасық қаны қалғанша шайқасқан бір шаңырақтан шыққан үшеулері (тіпті, 4-5-лер) көп болған. Бүгінгі кейіпкерлеріміз сол батырлардың тек бір мысалы ғана...

Сөзімізді Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлең жолдарымен тәмамдағымыз келеді:

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?

Е. Жұмабайұлы