9 мамыр. Атамды мақтан тұтамын

9 мамыр. Атамды мақтан тұтамын

Адамзат тарихында теңдесі жоқ 1418 күн мен түнге созылған ең қаһарлы екінші дүниежүзілік соғыс бүкіл әлемге қисапсыз қайғы-қасірет әкелді. Ел басына күн туған қатерлі шақта кеуделерін от пен оққа тосқан миллиондаған ержүрек ерлеріміз ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қаһармандықпен қорғады. Туған жер төсін қасық қандарымен суарған қаншама қайран боздақтар азаттық үшін жандарын пида етті. Осы сын сағатта естияр баладан еңкейген кәріге дейін өмір мен өлім белдескен алапат айқасқа шыққан халқымыздың әлемнің тең жартысын тізе бүктірген азулы да айбатты жауды тек өзара ынтымақ, тығыз топтасқандық, бірлік, төзімділік пен қайсарлық мінез көрсетуі арқылы ғана күйрете жеңіп шыққаны риясыз шындық.

Жеңіс туын тігуге бар күшін сарп еткен батырларымыздың қатарында менің де атам бар. Ол – Әлиев Нұрғали Әліұлы, 1924 жылы №10 ауылдық кеңесіне қарасты Өндіріс ұжымшарының жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 7 жылдық мектепті 1940 жылы бітіріп, сол жылы наурыз айында әскер қатарына алынып, Аягөз қаласына барып соғыс өнерін үйренген. Небары 16 жасында қолына қару алып, жауға қарсы аттанғаны бүгінгі ұрпақтарға, бізге мақтаныш. Шындап келгенде бүгінде тәуелсіз мемлекеттің ұланы болып жүргенімде атамның да үлесі зор. 16 жасында Ұлы Жеңісті қарсы алып, соғыстан кейін елдің еңсесін көтеру жолында аянбай еңбек еткен атамның өмірі маған үлкен үлгі. Тасқа салса кетілген, ұлы көкірек нағыз ерлер ғой бұл асылдар! Бүгінде атамның о дүниеден орын тапқанына 10 жылдың көлемі болды.

Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне – 70 жыл. Бірақ ұлы жеңістің ұмытылмайтындығы сияқты соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жткізді.

Нұрғалиев Дәулетхан Жұмағалиұлы
Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 8-сынып оқушысы
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылы

Сурет: mypolytech.kazntu.kz 

Ж. Исакаев