- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Соғыстан...
9 мамыр. Соғыстан қайтпаған солдаттың хаты
Бұл хатты Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Тарғап ауылының тұрғыны Қали Омаров есімді майдангер жазған болатын. Бірақ, ол соғыстан қайтпады. Сол сұрапыл соғыста ауылына, еліне деген сағынышын осы хат арқылы жеткізген. Ауылға хат келгенде ауыл адамдары жиналып келген хаттарды оқитын болған. Көзі ашық біреу хатты оқып шығады. Міне, сондай хаттың бірі осы еді. Сол кезде апам Қатыш Әбдірахманқызы жаттап алған екен. Кейіннен соғыс аяқталып, бірнеше жыл өткеннен кейін жадында сақталып қалған шумақтарын келіні Медеуова Айнашқа айтып, қағазға жазып алып қалуын өтінеді. Апамыз бүгінде о дүниелік болған, дегенмен өтініші бойынша бұл хатты жариялауды жөн көріп отырмыз...
Солдат сағынышы
Қолыма қағаз, сауыт қалам алдым,
Өмірін баяндауға өсімталдың
Тұғырда тоқсан түлек талаптанып,
Зарымды кең толғанып, әнге салдым.
Суында дәм болмайды шөл даланың.
Бұтағы гүлдеп тұрған айналаның
Біз жасқа не көрсетсе бәрі қызық,
Не болар көрген күні ата-ананың.
Не болсын, көрген күнім бәрі қызық.
Даусым жоқ, жарқын айтсам шықпайды үнім.
Тапсырдым бар жаратқан пәруар деген.
Жас қозым артымдағы Кеңес інім.
Тапсырдым ауылыма Отанымды.
Сағындым жолдас-жора бауырымды.
Хат сап тұр зеріктірмей біздей жасты.
Жол алыс сағындық қой қауымыңды
Ата-ана жыламаңдар біз кеткен соң,
Бізді де ұмытарсыз жыл өткен соң
Жан-жолдас, құрбы-құрдас, інішектер
Сіздер де келерсіздер ер жеткен соң.
Жасымда кеселді боп тарттым азап,
Әлде кім зарлы болмай өлең жазады.
Жазбайын сансыз сөзді былжыратып
Дұшпаным көзі көрсе қылар мазақ.
Ағайым сәлем бердім Қаттаубайға!
Іні Асқар және құрбым Қапалбайға,
Жеңгейлер, қарындаспен және шешем
Жүрмісің баяғыдай жақсы жайда?
Аман ба Рахымберді, Тілепберген?
Тұтқабай сізге Қали сәлем берген
Өстім ме жас, інішек жігіт болып?
Бәріңе амандастым өлеңіммен.
Ағайын аманбысың Әбдіқалық?
Аман ба Бәку, Дүйсен, Мерген, Жарық
Аман ба ата-ақсақал аға Нұржан?
Қарындас нағашы әкпе жеңге Парық.
Сәлемім Ұлжалғасын, Зауытбекке,
Берейін және сәлем жалпы көпке
Екі ағай Жексебай мен Сәдуақас,
Үй ішің амандық па кісі біткен?
Сөз түсті ойдан шығып қаламыма,
Сыр түсті ойдан шығып алаңыма
Жәмағат құлақ салып тыңда мұны,
Жалпыға амандасқан сәлеміме.
Шешейін іште жатқан терең сырды
Көп үшін ағытайын іштегі жырды
Әндетіп, мың құбылтып, төгілдіріп
Сайратып шығарайын мен бұлбұлды.
Әкеміз сәлем бердік Омекеңе
Болар деп әлде қалай қайғы жеме.
Өмірде аман болсақ көрісерміз
Өтеді аман болса судан кеме
Өсірген аялаумен балаң едім
Көрінген көз алдыңда қараң едім,
Көрсетсін Алла бізді аман-есен
Тарттырмай күйігімді саған менің.
Өсіп едік тұқым болып бір ұл, бір қыз.
Біз едік маңдайында жарық жұлдыз.
Біреуін аз уақыт бұлт жасырды
Сау болсақ бұл бұлттан да шығармыз біз.
Ағайым сәлем бердім Өтегенге
Сыбырлап зар айтамын соққан желге
Көріспей науқас болып қалып едің
Қал-қалай тәуірмісің мен кеткенде
Науқасың қабырғама қатты батты
Көрмедім көңілім тыншып рахатты
Болды деп әлде қалай қандай жайда
Келмеді қайғырумен көңіл шарты.
Тілектес өміріңе болып жүрмін,
Сарғайып санаменен солып жүрмін
Арқаңда асаусыған інің едім,
Қапасын қатты тарттым бұл өмірдің
Асау ем, таршылыққа бүгін көндім.
Суы жоқ, еркін жүзер сіздей көрдім.
Жатушы ем көк майсамда көл боп қана
Көп жұтпай топырағын қара жердің
Әншейін бостық екен сол күндерім
Қабырғам қайыспаған қылдай белім.
Қабырғам қатты көрді тамашаны
Тамшылап маңдайымнан ақты терім.
Тамаша жүрген жерім бәрі қызық
Сағынып өлең жаздым хатқа сызып,
Барамыз аман болсақ, екі-үш жылда
Шірімес жерде жатса алтын жүзік.
Жолдаған: Еңлік Бақытқызы
Сурет: yugopolis.ru
Ф. Абилова