Шығыс Қазақстанда Наурыз мейрамына орай онкүндік жарияланды

Шығыс Қазақстанда Наурыз мейрамына орай онкүндік жарияланды
Фото: massaget.kz

Ұлыстың ұлы күнін шығысқазақстандықтар кең көлемді шаралармен қарсы алады. Наурыздың 13-інде мерекеге орай онкүндік жарияланып, ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған 600-ға жуық мерекелік шара өтеді. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді.

"Наурыз мерекесінің өту барысы да өзге шаралардай еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр. Мерекені атап өтудегі басты мақсат − елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Жоспар бойынша, ай көлемінде аймақта дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға арналған 600-ға жуық шара өтеді," – деді Жақсылық Омар.

Мерекелік шаралар легі

13 наурызда Наурыз мейрам «Ырыс күні» желеуімен ұйымдастырылатын ауыл шаруашылық жәрмеңкелер мен концерттік бағдарламалар өтуімен басталады.
14 наурызда «Дәстүр күні» атты ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлердің қатысуымен кездесулер өтеді.
15 наурыз күні «Жаңғыру күні» аймақ перзентханаларында салтанатты түрде туу туралы куәліктер табысталатын болады.
16 наурызда «Көктем шуағы» атауымен түрлі флеш-мобтар, жасөспірімдер қатысуымен концерттер өтеді.
17 наурыз «Қамқорлық күнінде» жастар қауымы тыл, еңбек және соғыс ардагерлерін мерекелерімен құттықтайды.
18 наурызда, келесі күні «Жаңару күнінде» қала тұрғындары сенбілікке шығып, қала көшелері мен саябақтарды қалыпқа келтіреді.
19 наурызда «Жарасым күні» білім ордаларында үздік шығармалар мен өлеңдер арасында байқау жарияланып, кітапханаларда "Наурыз" мейрамының тарихын таныстыратын әдеби кештер өтеді.
20 наурызда, «Қуаныш күнінде» қаланың орталық көшелері, денсаулық сақтау, білім, орындарының мекемелері әрлендіріледі.
21 наурызда «Шаттық күні», ән, би байқаулары, айтыс өтіп, түрлі шығармашылық қайраткерлерімен кездесулер өтеді.
Ал 22 наурызда «Ұлыс күнінде» негізгі мерекелік шаралар: көкпар, күрес, қызқуу сынды ойындар, «Ең үздік киіз үй» байқауы сынды сайыстар мен түрлі байқаулар өтеді.

С. Ерсін