Наурыз мейрамының әдебиетте көрініс табуы

Наурыз мейрамының әдебиетте көрініс табуы

Наурыз – жыл басы! Наурыз – көктем жаршысы! Ата-бабаларымыз Наурызды үлкен қуанышпен қарсы алған. Наурыз той жасаған. Молшылыққа жоралғы ретінде наурыз көже дайындаған. Наурыз тойында туған өлеңдерді "ұлыс-жырлары" деп атаған. Бұл күні тоқсан шығып, күн жылиды. Жердің тоңы кетіп, өсімдіктерге жан кіре бастайды. Күн мен түн теңеледі. Мұның барлығы да қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен шығармаларынан тыс қалмаған.

Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хаямнан бастап, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған.

Наурыз мейрамы жайлы қалам тербеген қаламгерлер аз емес екенін айта кеттік. Әріректен бастасақ, Абай: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», - десе, Сәкен Сейфуллин: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлыс күні ұлы кісіден бата алса, ол жылы олжалы болар», - деп айтқан. Сәбит Мұқанов: «Наурыздамада жұрт қысқы соғымның шекесін асып, бір-бірін қонаққа шақырып, қарындағы майды бастайтын. Үлкендер жылдың жерге түскен кезі осы уақ дейтін», - деп бала кезінде ауылда Наурызды қарсы алғанын есіне түсіреді.

Наурызды тойлау тарихын Ұлы Абай өзінің «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманымен сәйкестендіреді. Парсының «нау» («жаңа») сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Орысша – нов (ай), немісше – нойе, латынша – нео. Осылайша «нау» сөзін үндіеуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған. Қазақтың көне шежіресінде «наурыз» деген сөз бар. Демек Наурызды тойлау қазақ халқында ежелден бар.

Наурызды ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ ақындары жырға да қосты. М.Жұмабаев, Б. Сүлеев, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, С. Торайғыров, т.б. ақындардың өлеңдерінде бұл ұлы мейрам барынша әсем көрініс тапты.

Cурет: qwertyclub.kz

О. Сансызбай