Марғасқалар махаббаты: Гумилёв пен Ахматова

Марғасқалар махаббаты: Гумилёв пен Ахматова
Фото: vk.com

Бүгін – «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» ғашықтар күні ғана емес, сондай-ақ, ақын Николай Гумилевтің туған күні.

Ол Аннаға бірнеше рет ұсыныс жасаған. Ал, қыз болса, үнемі бас тартатын. Ол сұлулар мекені Париждің өзінде Анна туралы ойлайтын. Ал, қыз болса, өзін ешкімге керек емес адамдай сезінетін. Олардың ешқашан бақытты болмасы белгілі еді. Дегенмен, олар тырысып көрді.

Анна Ахматова мен Николай Гумилёв арасындағы байланыс махаббат сезімінен гөрі, екеуара текетіреске көбірек келеді. Николай — арпалысқа бейім тым күрделі ақын. Анна — еркіндік сүйгіш, тым құбылмалы нәзік жанды ақын.

Олардың өмірінде отбасылық бақыт болған жоқ. Бірақ...

Ақындық жолға енді аяқ басқан бозбала мен бойжеткеннің алғашқы кездесуі Царское Село гимназиясында жаңа жыл алдында болған еді. 17 жасар Николай ол кезде Оскар Уайльд шығармашылығына әуес болатын. Сүйікті жазушысына еліктеп басына цилиндр киіп, шашын бұйралап жүретін. Ақ махаббат туралы армандайтын.

Анна Горенко (Ахматова әжесінің фамилиясы) ол кезде бар болғаны 14 жаста болатын. Бодлерді сүйіп оқитын Анна романтикалық кейіпкерге ұқсауға тырысып жүрген Гумилевке қарағанда, өзінің нағыз поэтикалық көркімен жүректерді жаулап алатын.  Қара шаш, аппақ жүзі, үлкен қоңыр көздері оны өзге славян қыздарынан ерекшелеп тұратын.

Бір жерде оқығандықтан олар жиі жолығып қалатын. Гимназист Гумилёв Аннаға бірден ғашық болды.

Ахматова үшін кездесулердің еш маңызы жоқ еді. Өзіне жүрегінің төрін ұсынған жігітпен жолығып тұру ол үшін жай ғана ермек  болғанға ұқсайды.

Анна ұсынысын қабыл алмаса да, ақынның сезімі өршімесе, сөнген емес. Тілегі қабыл болып, екеуі отау құрғанда ақын гимназияда болған кездесулер туралы мына өлеңін жазады:

Ты помнишь, у облачных впадин
С тобою нашли мы карниз,
Где звёзды, как горсть виноградин,
Стремительно падали вниз?

И мы до сих пор не забыли,
Хоть нам и дано забывать,
То время, когда мы любили,
Когда мы умели летать.

Армандаған ақ құсы қолына қонғанымен, олар бақытты бола алмады. Қос ақын бір шаңырақ астында тек 8 жыл ғана бірге тұрды. 

А. Оралқызы