Ғашықтар күні мен Алматы тарихы тығыз байланысты

Ғашықтар күні мен Алматы тарихы тығыз байланысты
Фото: massaget.kz

Баяғы өткен заманда, бәлкім мың, бәлкім екі мың жыл бұрын, "Жер жәннаты" атанған жайлы мекеннің оңтүстік-шығысын алып тау қоршап тұрған екен. Сол таудың адам аяғы баспаған, мұз қатпаған, қар түспеген, жаңбыр суы тамбаған, қанатты құс жетпеген құзар шыңында жыл он екі ай жайқалып тұратын қасиетті алма ағашы болыпты. Бұл ағаштың тамыры тереңге кетіп, жаздың ыстығына тартылмайтын, қыстың суығына қатпайтын бұлақтан нәр алады-мыс. Бұлақ суы бірі шығыс аңғармен, екіншісі батыс аңғармен теріскей жаққа ұмтылған екі арнаға бөлініп, жазыққа жеткенде тау бөктерін мекен еткен тіршілік көзіне нәр беретін екі өзенге айналады. Шығыс аңғармен ағатын өзен "Кіші", ал батыс аңғармен ағатын өзен "Үлкен" деп аталыпты.

Сол екі өзеннің арнасында атам заманнан екі тайпа өмір сүріпті. Бұлар біріне бірі жау болмаса да, орталарында тұрмыстық кикілжіңдер жиі орын алатындықтан, көптен бері қыз алысып, қыз беріспейді екен. Ауылдары жақын қонса да, біріне бірі қал сұрасып бармауды жөн санайтындары тағы бар. Күндердің бір күнінде, тау бөктеріне көктем келіп, күн мен түн теңелетін ұлы мейрам қарсаңында айналадағы барлық тайпа бас қосып, ұлан-асыр той жасауды ұйғарады. Тойды қос өзеннің ортасындағы жазықта өткізу жайлы шешім қабылданып, белгіленген күні барлығы сол жерге жиналады.

Киіз үй тігіп, ат шаптырып, қыстан аман шыққанын тойлаған жұрттың арасында бірі Кіші өзен, енді бірі Үлкен өзен жағасына қонған тайпадан шыққан бозбала мен бойжеткен де болған. Екеуі біріне бірі бір көргеннен көзі түсіп, ұнатып қалады. Араға жеңгелерін салып, жігіт қызды жастардың кешкі ойын-сауығына шақырады. Той біткенде, олар бұдан былай осы жерде кездесіп тұруға серттесті.

Уақыт өтіп, екі жастың алғашқы сезімдері үлкен махаббатқа ұласты. Бірақ тайпа үлкендері бұлардың махаббатын мақұлдамайтынын білген олар сәуір айы келгенде бұл өлкеден қашуды ұйғарады. Дегенмен келісілген күні "Аттан" деген ұран тасталып, жігіт тұтқиылдан шабуылдаған сыртқы жауға төтеп беруге аттанады. Арада бір апта, бір күн өтеді, елді қорғауға кеткен аламандардан қуанышты хабар келеді. Жау жеңілді. Бірақ батырлардың шығыны да аз емес, жаралылар тіпті көп. Сол жаралылардың ішінде жас жігіт те бар еді. Найза мен қылышқа мойынсұнбаған оны ұшы уланған жебе жаралаған екен.

Ел арасына әйгілі емші бұл жараны жазатын бір ғана ем бар екенін айтады. Ол құзар шыңның басында өсетін алманың шырыны. Егер жігіт жеті күн, жеті түн ауысқанша сол алманың шырынын ішер болса, өлімнен аман қалады, бір сәтке кешіксек, онда өлім құшады. Бұл сөздерді естіген жұрт дүрлігіп, аналар ағыл-тегіл жылайды. Осы өлкеге адам аяғы басқалы бері құзар шыңға ешкім шыға алмаған екен. Небір ержүрек батырлар, батыл ерлер өз күшін көрсету үшін шыңға шығуға талпынған, бірақ, ешқайсысы мақсаттарына жете алмаған.

Бұл жолы да солай боларына елдің бәрі сенімді еді. Осы кезде ортаға үстіне ақ киім киген, бетін орамалмен жапқан белгісіз біреу шығып, құзар шыңның басында өсетін алманы жақын күндері әкелетінін айтады. Аң-таң болған жұрт белгісіз жанның ерлігіне сүйсініп, батасын беріп жолға аттандырады. Уақыт өтеді, ел күндіз-түні ақ киімді белгісіз жанды күтеді. Күннен күнге күдері үзілгендердің саны артып, жеті күн, жеті түн болды дегенде, тұтас жұртшылық күдер үзеді. Бірақ жетінші түн аяқталып, күн ұясынан шығар шақта әлі таусылуға шақ қалған, аты болдырған ақ киімді жан ауылға келеді. Келеді де шың басынан әкелген алманың шырыны жігітке береді. Жігіттің жарасы жазылып, дүйім жұрт белгісіз құтқарушыны қошеметтей жөнеледі.

Ұлан-асыр той болады. Бұл құтқарушы Үлкен өзен жағасына қонған ауылдан келген жігіттің сүйіктісі екені анықталады. Ауыл үлкендері жастарға батасын беріп, қыздың тайпасына құдаласуға барады. Сол күннен бастап екі тайпа қыз алысып, қыз берісуді әдетке айналдырған мың жылдық құда атаныпты. Сезімдері үшін соңына дейін күресуге дайын екенін дәлелдеген жігіт пен қыздың махаббат оқиғасы ел арасындағы аңыз болып, қыз жігітті құтқарған күн, яғни сәуір айының 15-ші жұлдызы дүйім жұрт тойлайтын мерекеге айналған екен. Сонымен қатар, ғашықтар адалдығын дәлелдеу үшін бір біріне алма сыйлауды дәстүрге айналдырыпты деседі... Ал құзар шыңның басында ғана өсетін алма ағашы содан бері алып таудың бөктеріне кеңінен таралған жеміске айналған көрінеді. Уақыт өте халық қос өзенге Кіші Алматы, Үлкен Алматы деген атау беріп, екі өзеннің ортасындағы үлкен алқапты Алматы деп кетіпті...

Y. Almabek