- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Тағы да бір...
Тағы да бір Жаңа жыл
Сонгкран — тайлық Жаңа жыл мерекесі. Шығыстың барлық елдеріндегідей Тайланд жұрты да еуропалық Жаңа жылды қаңтар айының бірінші жұлдызында қарсы алған болатын. Ал өздерінің ұлттық Жаңа жылы - Сонгкранды енді ғана тойлау үстінде.
Тайландта Сонгкранды ресми түрде 13-15 сәуір аралығында атап өту бекітілгенімен, жергілікті тұрғындар мерекені 11-18 сәуір аралығында тойлап жатады.
Ван Сонгкран аталу сөзін тікелей аударғанда, "бір жерден екінші орынға жылу" дегенді білдіреді. Яғни, тайлық күнтізбе он екі циклдан тұрады, оның әрбірі белгілі бір жануарға арналған.
Бұл күні тайлықтар (әсіресе, кішкентай балалар) өздерімен бірге бірнеше шелек суды көшеге алып шығады да, кездескен адамға: «Sawasdee pi mai!» (Жаңа жылыңызбен!) деп айқайлап, шелектегі суды шашады. Немесе бір-бірін түрлі-түсті талькпен шомылдырады.
Олардың ұғымынша, бүкіл тіршіліктің нышаны саналатын су әрбір жанға береке мен сәттілік әкеледі екен.
Егер тайлық суды сіздің арқаңызға немесе иығыңызға шашса, бақыт тілейді деген ұғымды білдіреді. Бұл күнгі думаннан жас та, кәрі де қалыс қалған емес.
Ертеректе қолдарына су толы тостағаншаларды ұстаған адамдар өріп жүретін болса, бүгінде олар су шашатын тапаншаларды немесе шелекті, су шашатын құбыршектерді қымсынбастан ұстап жүреді.
Мерекенің қызығы су шашумен ғана өлшенбейді. Тарихшылардың айтуынша, Сонгкран сонау қадым замандардан бері махаббат пен сыйластықтың мерекесі болған. Тайлықтар мерекені отбасымен бірге қарсы алуға тырысады. Олар бала-шағасымен бірге таң ата бастағаннан шіркеуге қарай ағылып жатады.
Барлық рәсімдерді орындап болысымен, отбасы мүшелері дәмі тіл үйірер тағамдар қойылған мерекелік дастарханға жайғасады.
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева