- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Гиннестің рекордтар кітабы...
Гиннестің рекордтар кітабы
Гиннестің Рекордтар кітабы әлемдегі ең танымал кітаптардың бірі десек, дауыңыз бар ма? Әй, жоқ-ау. Ендеше, осы кітаптың қалай пайда болғанын білгіңіз келетін болар. Әлбетте...
1759 жылы Артур Гиннесс Дублинде Сент-Джеймс қақпасының алдында сыра қайнататын орын ашты. Бұл орын жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін қызмет көрсетіп, 1833 жылы Ирландиядағы, 1930 жылы күллі Ұлыбританиядағы ең мықты сыра зауытына айналды.
Гиннесс сауда маркісінің атағы дүркіреп, өнімдері мықты жарнаманың сеп болуымен үздіксіз сатылып жатты. 1951 жылы бір басқосуда "Гиннестің" директор-тәртіпшісі Хью Бивер мырза қонақтардың бірімен алтын ржанка - Еуропадағы ең жылдам құс деп дауласып қалды. Үш жылдан соң, Хью мырза тағы осы құстың төңірегінде біреумен сөз таластырды. Бұл жолы алтын ржанка мен шотландық куропатканың қайсысы жылдам ұшады деген сұрақ айналасында дау туды.
Осыдан кейін Бивер мырза: "Бәрібір біздің қызылкеңірдек айтысымыздан қолымызда дерек болмаған соң, түк шықпас. Нақты деректері тізілген әлдебір ақпарат көзі болса, қандай жақсы болар еді?" деп біраз ойланып қалды. Және бұл анықтамалықтың белгілі "Гиннесс" сыра маркасының атымен шыққанын жөн көрді. "Сыра энциклопедиясын" өмірге әкелу ақпарат агенттігінің басшылары Норрис пен Росс Макуиртерлерге жүктелді. Бірінші кітапты жасап шығару үшін бір жыл сарп етілді. 1955 жылдың 27 тамызында көптеген ақпараттар топтастырылған 198 беттік алғашқы "Гиннестің рекордтар кітабы" жарық көрді.
Бүгінде "Гиннестің рекордтар кітабы" әлемнің түкпір-түкпіріне тарайды. Кітапта жарияланған ақпараттар тез "қартайып", үнемі жаңарып отырады. Тек адамның таңғаларлық қабілеттері ғана емес, барлық тіршіліктің ғажап қасиеттері туралы осы кітаптан білуге болады. Адамды алға жетелейтін осы кітапқа ену үшін әлем халқы көзсіз батырлықтарға барып, бастарын бәйгеге тігіп жатады. Миға сыймайтын таңғажайып оқиғалар, болмыстары өзгеше адамдар, ұлы жетістіктер тізбектелген кітап сан түрлі дарындарды ашып, күллі адамзатқа өшпес әсер мен ерік-жігер беруде озып тұр. Гиннестің рекордтар кітабына фильм де түсірілмек.
Дайындаған: Мейіргүл Сержанқызы
Сурет: facepla.net, loveopium.ru
М. Оңғарова