Дубай символы - "Бурдж аль-Араб"

Дубай символы - "Бурдж аль-Араб"

Дубайдағы ең атақты әрі  ең салтанатты қонақ үй – "Бурдж аль-Араб" немесе «Араб  мұнарасы» желқайық пішінінде тұрғызылған. Ол жағалаудан 280 метр қашықтықтағы жасанды аралда орналасқан.  Әлем халықтары «Бурдж аль-Арабты»  әлемдегі  бірден-бір жеті жұлдызды қонақ үй ретінде таниды.

321 метр биіктікті құрайтын ғимарат 2008 жылы 333 метрлік «Роза мұнарасы» пайда болғанға дейін әлемдегі ең биік қонақ үй саналған. Ғимараттың  құрылысы 1994 жылы қолға алынып, 1999 жылдың  1 желтоқсанында пайдалануға берілді.

Дубай билеушісі шейх  Мұхаммед  күндердің күнінде   Париждің - Эйфель мұнарасы, Нью-Йорктың  - Бостандық Мүсіні сынды өзінің әмірлігінде де  кереметтей нышанына айналатын ғимарттың болу керектігін ойлайды.  Шейх ағылшын сәулетшісі  Том Райтқа осы ойын жүзеге асыруды тапсырады. Алғашында сәулетші  таңқаларлық ештеңе таппай, біраз абдырап жүріп қалады. Бір күні Том  терезе алдында сыра ішіп отырады. Сол сәтте оның жанынан арабтың желкенді  Доу қайығы жүзіп өтеді.  Сонда Том: "Таптым! Мінеки  сәбидің өзі сыза алатын, ең қарапайым және таныс форма!" – деп айқайлап жібереді. Осылайша ол Желкенді қайықты – Дубайдың символына лайық деп табады.

Қонақ үйдің ішкі көрінісін сәндеу барысында шамамен 8000 шаршы метр  22 карат алтын түсті қабыршақтар қолданылған.

Қонақ үйдің холы екі қабатты. Бірінші қабатында қонақ үй тұрғындарын тіркеу шаралары жүргізілсе, екінші қабатында дүкендер және кафелер орналасқан. Холл дәлізінің едендерінде қайталанбас нақыштар бейнеленген. Эскалаторлардың жанындағы  қабырғаларда аквариумдар монтаждалған.

«Бурдж аль-Араб»  өзінің 180 метрлік әлемдегі ең биік вестибюльімен де  танымал. «Бурдж аль-Арабта» қарапайым бөлмелер жоқ десе де болады.  Қонақ үй 202 екі қабатты бөлмелерге бөлінген.  Бөлмелердің ең кішісінің өзі - 169, ал ең үлкені – 780 шаршы метрді құрайды.

Қонақ үйдің үстіңгі бөлігінде тікұшақ алаңы және «Аль-Мунтаха» мейрамханасы бар. Аталған мейрамханаға бара қалсаңыз, қайталанбайтын Дубай қаласының тамаша көрінісіне куә болуға болады.

 

Қонақ үйді тұрғызуға кеткен қаржы мөлшері бүгінге дейін құпия сақталынып келеді.

Суреттер: loveopium.ru, blogs.privet.ru, tour.lipetsk-reisen.ru, heshapesofthings.com