Кемал Ататүрік қайда жерленген?

Кемал Ататүрік қайда жерленген?

Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің мазары ел астанасы Анкара қаласында орналасқан. Түрік халқы бұл жерді «Аныткабыр» (Anıtkabir) деп атайды. Бұл туралы Мassaget.kz сайтының Түркиядағы арнайы тілшісі хабарлайды.

1938 жылы Ататүрік дүние салғаннан кейін, мазар салу идеясы көтеріледі. Бұл мазар күллі түрік халқының аяулысы Мұстафа Кемал Ататүріктің ұлылығы мен кемеңгерлігін әлемге паш етіп тұруға тиіс болатын. Бұл ғимараттың өзіндік ерекшелікке ие болуы үшін арнайы байқау жарияланады. Байқауға шет елдерден 17 жоба келіп түссе, жергілікті архитекторлардан 20 жұмыс ұсынылады. Нәтижесінде, байқаудың жеңімпазы болып түрік архитекторларлары Эмин Халид Онат пен Ахмед Орхан Арда танылады.

1944 жылы арнайы салтанатты рәсім ұйымдастырылып, мазардың алғашқы тасы қаланады. Мазар қабырғасы Түркияның әр қаласынан әкелінген арнайы тастардан қаланған екен. Құрылыс жұмыстары он жылға жуық уақытқа созылып, 1953 жылы аяқталады. Құрылыс кезінде қаржылық қиындықтарға байланысты мазардың негізгі жобасы аздаған өзгерістерге ұшырайды. Яғни, алдын ала жоспарланған екі қабатты мазардың бір қабаты салынбай қалады. Алайда бұл мазардың биіктігіне нұқсан келтіре алмайды. Кешеннің жалпы аумағы мазар, саябақ және музейді қоса есептегенде, 750 мың шаршы метрді құрайды. Мазардың жобасы селжұқтар мен османлылардың үлгісінде салынған.

Бұл жерге жыл сайын миллиондаған адам ағылып келіп жатады. Түрік халқының көшбасшы тұлғасын танысам деп келген туристердің қарасы көп. Мысалы, 2004 жылғы есеп бойынша бұл жерге 2,5 миллион адам аяқ басса, 2005 жылы 3,8 миллион адам келіп кеткен екен.

Түрік халқының Ататүрікке деген махаббаты ерекше. Қалада мойын бұрсаңыз болды Ататүріктің суретін көре аласыз. Кез келген түрік отбасы балаларын бұл жерге әкеліп, Ататүріктей алып бабасымен таныстырып, елдің тарихымен сусындатуды өзіне парыз санайды. 

Күннің ыстығына қарамастан әскерилер осылайша аяғынан тік тұрады.

Бұл мүсіндер өзіндік мағынаға ие. Қолына ыдыс ұстаған әйел елдегі береке мен молшылықты білдірсе, көзін тұмшалаған әйел дүние салған басшыны жоқтап тұрған көрінеді.

Ал, мынау үш жігіт елдің негізгі үш діңгегі іспетті. Бұған қарап тұрып елдің тарихын, бүгінін танып білуге болады. Қолтығына кітап қысқан ер адам білімнің символы саналса, артқы жақта тұрған "Шопан" халықтың өткен өмірінен хабар береді. Әскери киімдегі үшінші бейне де соғыстан көз ашпаған түрік халқының өткен күндерінің бір белгісі сынды.

Мазарға барар жолда төселген тас төсеніштердің де өзіндік мағынасы бар екен. Бір ерекшелігі, тас төсеніштердің арасы алшақ-алшақ төселген. Яғни, аяқ шалынып қалмас үшін көзіңді төмен салып жүруге мәжбүр боласың. Бұлай болуының басты себебі, Ататүрік мазарына келген адамдар басын иіп, құрмет көрсетіп кіру үшін әдейі салынғанында жатса керек. 

Мазардың ішіндегі музейден елдің тарихы мен Ататүріктің өміріне қатысты көптеген нәрселерді тамашалай аласыз. Музейдің ішінде суретке түсіруге тыйым салынған. Ол жерден Ататүріктің тұтынған заттарын, әртүрлі кездердегі фотосуреттерін, киім-кешектерін, оқыған кітаптарын, т.б. көре аласыз.

Мынау Ататүріктің жеке көлігі.

Жеке қайығы мен екінші бір көлігі.

Бұл арба Ататүрік дүние салған кезде денесін көтеріп жүруге пайдаланылған.

Ататүріктің түрлі суреттері.

 Ататүріктен кейін ел басқарған қайраткер Исмет Инөнүнің мазары. 

Кемал Ататүріктің мазары. Бұл мазар Ататүріктің өсиеті бойынша, "Анкара мұнарасына" қарсы қойылған. Терезеден қарасаңыз, мұнара төбесінен желбіреген түріктің туын көре аласыз.

Суретке түсірген әрі автор: Шерхан Талапұлы

Н. Айдархан