Күннің қызы - Жамуна

Күннің қызы - Жамуна

Жамуна өзені... Есіңізге әп-сәтте әйгілі Тәж-Махал кесенісінің түскендігіне сенімдіміз. Бірақ, өкінішке орай, бүгін біз сіздермен өлмес махаббаттың нышанына айналған әсем ғимарат туралы емес, Жамуна өзені туралы әңгімелейтін боламыз.

Көпшілік қауым өзенді кейде Жамна деп те атап жатады. Алайда, Жамуна – бұл өзеннің көнеден келе жатқан атауы. Халық арасындағы танымал аңызға сенсек, ерте кездері оның жағалуында барлық құдайлар жиналып, ойын ойнайтын болған екен.

Геологтардың пайымдауынша, бір кездері Жамуна батыстағы Хаггар–Хакра атты өзенге құятын болған екен, кейіннен тектоникалық үдерістердің әсерінен Гангаға қарай бағытталатын болыпты.

Жамуна өзені Гималай тауларынан, оның ішінде Күн құдайын кейіптейтін Калинда тауынан бастау алады. Одан кейін өзен Үндістанның Дели, Аргу сынды қалаларын басып өтеді. Әйгілі Тәж-Махал Жамуна өзені алабынан жоғары жатыр.

Үнді халықтарының арасындағы тағы бір аңыз былай деп сыр шертеді: Жамуна - Күн құдайының екінші қызының есімдерінің бір нұсқасы екен. Сондықтан халық өзенді – «Күннің қызы» деп құрмет тұтатын көрінеді.

Ерте кездері өзен өте таза болған. Ал бірнеше ғасырлардан соң, яғни ХХ ғасырда әлемдегі ең лас өзендердің бірі болып шыға келді. Әсіресе, Дели қаласына келген кезде, өзен адам жиіркенетіндей кірлей түседі, өйткені, бұл тұстағы ағыс өте баяу. Биліктегілер қаншама күш, қаншама қаржы жұмсағандығымен, өзенді тазарту және қалпына келтіру жұмыстары көңіл толарлық нәтиже көрсетпей келеді.

Суреттер:anat66.livejournal.com,naselo.ru,hd.at.ua,photo-forum.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева