Гонконг қаласының сыры неде?

Гонконг қаласының сыры неде?

Гонконг қаласы - әлемнің алып қалаларының бірі. Бұл қала батыс пен шығысты байланыстырады. Гонконгта екі ресми тіл бар: ағылшын және қытай тілдері. Алып шаһардан көкке ұмтылған заманауи ғимараттар мен дәстүрлі қытай үлгісімен салынған құрылыс нысандарын кездестіруге болады.

Жылдың кез келген мезгілінде бұл елге жердің түкпір-түкпірінен туристер ағылады. Алып шаһар мыңдаған халықты несімен баурайды екен?! Гонконг қаласының туристерді өзіне тартуды сыры неде? Құпияны бірге ашып көрейік.

Тікұшақ саяхаты


Алып қаланы тікұшақпен аралауға болады. Саяхат барысында жолаушылар қаланың барлық аймақтарын жоғарыдан көре алады. Көктегі экскурссияны Peninsula көне қонақүйі ұйымдастырады.

Эскалаторлар


Des Voeux Road Central деп аталатын Гонконгтың орталығы Mid-Levels тұрғын үй аудандарымен байланысады. Mid-Levels тұрғын үй аудандары Виктория шыңының (Victorian Peak) етегінде орналасқан. Бұл аудандарда әлемдегі жабық эскалаторлар жұмыс істейді. 1993 жылдан бері бұл эскалатормен сағат таңғы 6.00-10.00 аралығында төмен, ал 10.30-дан түнгі 00.00-ге дейін жоғары көтерілуге болады. Эскалаторлар маңында көптеген кафе, мейрамхана, кофехана, сауда орындары мен көне көрікті мекендер бар. Қаланың СоХо деп аталатын ең сәнді ауданына осы эскалаторлар арқылы жетуге болады.

Теңіз полиция штабы


112 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп, 1996 жылы жабылған Теңіз Полициясының штабы Виктория айлағындағы теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін. Бұл ғимараты қаланың көне құрылыстарының бірі. Теңіз полиция штабы өз жұмысын тоқтатқаннан кейін, ғимаратта заманауи қонақүй, сауда орталығы және тарихи мұражай орналастырылды.

Гонконг теңіз мұражайы


Гонконг қаласының тарихы мен өмірі теңізбен тығыз байланысты. Бұл мұражай ішіндегі жәдігерлердің барлығы теңізге, балық шаруашылығына, теңіз көліктеріне қатысты. Теңіз байлықтарын жинаған ғимарат колониальды бағытта салынған.

Чи Линь Монастырі


1930 жылы салынған монастырь Тан әулеті архитектурасының үлгісі болып табылады. Алып Буддалық кешеннің жалпы аумағы 33 000 шаршы метрді құрайды. Кешенде монастырь, ғибадатхана, Қытай бау-бақшасы, вегетариан мейрамханасы, жатақхана орналасқан. Бұл кешен құрылысына бірде бір шеге қолданылмаған, ғимарат тек ағаштардан тұрғызылған.

Гонконг медицина ғылымының мұражайы


Бұл мұражайда көптеген ғылыми жетістіктер сақталуда. Жәрмеңкелер мен көрмелермен қатар, мұражайда салауатты өмір туралы ауқымды лекция-сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, мұражайда үлкен кітапхана жұмыс істейді. 2003 жылы мұражай ішінде Өсімдіктер Бақшасы (Herbal Garden) ашылды.

Man Mo ғибадатханасы


Man Mo ғибадатханасы - Гонконгтың көне ғимараттарының бірі. Ғибадатханаға келушілер бамбук жәшіктерін қаға отырып, өз тағдыры мен болашағы туралы біле алады.

Саябақтар


Гонконг қаласының аумағының 40%-ын ұлттық саябақтар алып жатыр. Мысалы, О'Ши саябағына қоғамдық көлікпен баруға болады. Жергілікті дүкендерде қала және әрбірі саябақ картасын сатып алып, шөлді жағажайлар мен аңғарларды таба аласыз.

Нгонг Пинг (Ngong Ping) аспалы жолы


Оңтүстік-қытай теңізінің үстімен 7,5 шақырым қашықтықта жүріп өтеді. Аспалы жол арқылы Лантау аралында орналасқан Будда мүсініне баруға болады.

Нух кемесі


Гонконгтың қызықты әрі көрікті мекендерінің бірі. Жергілікті Нух кемесі Библиядағы нұсқасына қарап салынған. Бір айырмашылығы құрылысқа тек бетон мен болат қолданылған.

The Peak Tram


Гонконгтың Mid-Levels тұрғын үйлер орналасқан ауданына Peak Tram трамвайымен жетуге болады. Алғашқы Peak Tram трамвайлары 1888 жылы іске қосылды. Содан бері, бұл трамвайдлар бірде-бір рет жол апатына ұшырамаған. Рельстердің жан-жағы жайқалған жасыл желектермен қоршалған.

Тан ата-баба бөлмесі, Пинг-Шань


1997 жылы еркін тыныс алған Гонконг ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға ұмтылды. Тан ата-баба бөлмесінде жергілікті халық дәстүрлі жиындарды, діни рәсімдерді, мерекелік іс-шараларды ұйымдастырады.

Happy Valley ипподромы (Бақытты аңғар)


Кезінде бұл аңғарда жүру өте қауіпті болған. 1846 жылы бұл жерде Hong Kong Jockey Club негізін қалады. Қай заманда болмасын, құмар ойындарға деген қызығушылық жоғары. Сол кезден бастап, бұл аңғарда құмар ойындарға жаны жақын жандар жиналады.

Шәй үйлері


Гонконг қаласының әрбір қонағы шәй үйіне баруға міндетті. Бұл үйлерде дәстүрлі шәй құю мен беру рәсімдері өткізіледі.

Маи По қорығы


Қорықта бауырымен жорғалайтын жәндіктер, сүтқоректілер, құстардың 350 түрі мекендейді. 55 000-нан астам жыл құстары осы қорыққа ұшып келеді. Ұшып келген құстарды көру үшін қорыққа бір жылдан қырық мыңнан астам халық келеді.

Lam Tsuen тілектер ағашы


Lam Tsuen ескі ағашының әрбір бұтағы сары қағазға жазылған тілектерге толы. Тілектер ағашындағы ілініп тұрған сары қағаздарды денсаулықты түзетуді, тағдырын өзгертуді, бақытты ғұмыр кешуді армандайтын жандар қалдырған.

Ғибадатхана көшесі (Temple Street) бойындағы түнгі базар


Бұл базар түнде нағыз әмбебап орталыққа айналады. Базардан кішкентай бұйымнан бастап, үлкен көлемдегі тауарларды сатып ала аласыз. Тұрмыстық бұйымдармен қатар, бұл базардан dai pai dongs дүкендерінің тағамдарынан ауыз тиюге болады.

The Wan Chai Strip


Гонконгтың көңіл көтеретін көшесі. Көше бойында түнгі клубтар, бар, ойын-сауық орындары орналасқан.

Жағажайлар


Repulse Bay, Deep Water Bay, Big Wave Bay, Shek O жағажайлары қай кезде болмасын туристтерге лық толы болады. Жайлы демалыс үшін жағажайларда барлық жағдайлар қарастырылған.

Lamma аралы


Гонконг қаласында паром қатынастары жоғары деңгейде дамыған. Орталық жағалаудан көрші аралдарға паромар қозғалады. Ең танымал мекен Lamma аралына паром арқылы жетуге болады. Бұл аймаққа келген туристер Yung Shue Wan ауылындағы мейрамханаларда теңіз тағамдарынан ауыз тиіп, әсем табиғат аясында демала алады.

Ғашықтар жартасы


Bowen Road бойында орналасқан Ғашық жартасы ескі және жаңа ырым-жоралғылардың куәсі. Күн сайын жартасқа жас қыздар келіп, өз теңдерін жолықтыру және дүниеге ұл балаларды әкелу туралы игі тілектерін айтады.

Мейрамханалар


Гонконгта не ішемін, не жеймін деген сұрақтар туындамайды. Себебі, бұл қалада тамақты талғап жейтіндер өз талғамына сай ауқатты таба алады. Дәстүрлі ұлттық тағаммен қатар, жергілікті мейрамхана мәзірлерінен өзге елдердің тағамдарын көруге болады.

Суреттер:yaturistka.ru

Ғ. Ұзақ