Әлемнің ең қызықты мерекелері

Әлемнің ең қызықты  мерекелері

Заманның адуынды ағысымен арпалысқан мына ала құйын заманда сіз бен біздің көңілімізді сергітер мерекелер керек-ақ. Өйткені, мереке – алаңсыз демалуға және күнделікті міндеттерімізден бір сәт босауға мүмкіндік береді. Мереке барысында жаныңызға жақын достарыңыз бен сүйікті туыстарыңызға көңіл бөле аласыз. Алайда, мереке деген бір ғана ұғым болғанымен, оның да біз біле бермейтін алуан түрі бар екендігі шындық. Осы орайда бүгін Әлемтану айдары әлемнің ең ерекше әрі күлкілі мерекелері туралы әңгімелейтін болады.

Қызанақтар шайқасы

Испанияның шығыс аумағындағы Буньол қаласында тамыз айының ең ақырғы аптасында жыл сайын дәстүрлі "Қызанақтар фестивалі" өткізіледі. Фестиваль - жаз маусымының аяқталу құрметіне орай ұйымдастырылған. Испандықтардың өзге де сауықтары секілді бұл мерекеде де мерекелік отшашулар, әсем әуендер, көңілді билер және дәмі тіл үйірер тағамдар болады. Алайда фестивальдің ерешелігі және қайталанбас жаңалығы – қаланың орталық алаңында өтетін «Қызанақ шайқасы».

Фестиваль ережесі бойынша кез келген қатысушының міндеті – кім екені маңызды емес, қалай болғанда да өз айналасындағыларды қызанақпен атуы керек. Мерекелік шайқас таңғы сағат он бірде басталып, екі сағатқа созылады.

Фесивальға жыл сайын 35 000 адам қатысады, ал шығындалатын қызанақ көлемі 125 000 килограмды құрайды.

Апельсиндер фестивалі

Сізге сену қиын болар, алайда Итальяның Иврей қаласының тұрғындары жыл сайын ақпан айының дәл орта тұсында бостандық үшін шайқас өткізеді. Иә, дәл солай! Бостандық үшін! Тұрғындар асқан өжеттілікпен, ерекше құлшыныспен шайқасады. Жыл сайын өткізіліп тұратын бұл айқас әлем халықтарына «апельсиндер шайқасы» деген атаумен танымал. Өйткені қатысушылар өздерінің шағын ғана «соғыстарына» бір ғана қару қолданады, ол – апельсин.

Апельсиндер шайқасы – таңғажайып әрі тарихи мереке. Мереке тарихы Ортағасырлардан бастау алады. Мереке басталған күні бостандықты мадақтайтын және қатысушыларға тәтті тағамдарды үлестіріп жүретін ақ киімге оранған әдемі итальян қызын көруге болады. Егер сіз фестивальдан тыс қалғыңыз келсе, міндеті түрде қызыл қалпақ киіп жүруіңіз керек. Мереке үш күнге созылады.

Мәңгі ұмтылмас тарихи мерекеден ләззат алып, бостандықтың тамша рухын сезініп, апельсиндер исіне тұншығу үшін бұл мекенге жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар жиналады.

Су мерекесі (Сонгкран)

Тайланд халқының Жаңа Жыл меркесімен тұспа-тұс келетін «Сонгкран» фестивалі жыл сайын сәуір айының он үшінші жұлдызында басталады. Атақты «Су мерекесі» екі күнге жалғасады және Тайланд халқы өз елдеріне дәл осы маусымда жүз мыңдаған туристерді қабылдайды екен.

«Сонгкран» кезінде көптеген салтанатты кештер, шерулер, от шашулар ұйымдастырылады. Әуезді әуен мен көңілді билер мерекенің негізгі сәні десе де болады. Мерекенің бұлжымас салты – қатысушылар бір-бірін күн демей, түн демей сумен шомылдыру керек. Тайлықтар көшеге қолдарына бірнеше шелектерді, бөтелкелер мен су шашатын тапаншаларды ұстап алып шығады. Осыдан кейні нағыз шайқас басталады. Тайлықтардың түсінігі бойынша өздері шашқан су олардың күнәларын жуып, тән мен жанды тазартады екен.

Балықшылар фестивалі


Африканың Кебби аумағының солтүстік-батысында Урунгу атты балықшылар ауылы бар. Егер де мұнда жыл сайын «халықаралық балықшылар фестивалі» өткізілмеген болса, бұл ауылдың ешбір ерекшелігі болмас та еді. Фестиваль ережесі бойынша, балықшылар балықты қолдарымен ұстауы қажет. Өздеріне жар іздеп жүрген сол ауылдың қыздары балықшылардың әрекеттерін тамашалайды. Нәтижесінде олар ең епті жігіттердің арасынан өздеріне жар таңдайды. Ақпан немесе наурыз айларында өткізілетін фестиваль төрт күнге созылады.

Жұртшылық үшін маңызды болғаны соншалықты, халық бір ай бұрын жиналады. Жеңімпаз сыйлық ретінде автокөлік немесе шетелде демалуға жолдамалар алады.

Суреттер: taninfo.ru, daypic.ru, kolyan.net, brkauto.ru, bild.utalking.net, lady.ru, daypic.ru, skuky.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева