- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Тайланд - таңғажайыптар...
Тайланд - таңғажайыптар мекені
Тайланд – Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан, оңтүстігінде Малайзиямен, шығысында Камбоджа және Лаоспен шекараласатын шағын мемлекет. Астанасы – Бангок қаласы. 12 млн-ға жуық тұрғыны бар қалада мемлекеттің ең үлкен ойын-сауық орталығы саналатын патша сарайы тұрғызылған.
Тайланд – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған туристердің әйгілі демалыс орны, мыңдаған ғибадатханалардың шаһары. Тайланд жағалауларында көптеген шипажайлар орналасқан. Оның ішінде Банкок, Паттайя, Пхукет және Самет аралдары туристер үшін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең тартымды шипажайлар болып табылады.
Мұндағы тіл үйірер дәмді тағамдарға бай тайлық асхана және жергілікті салт-дәстүр, барлығы да қонақтарды қызықтырып, өзіне еріксіз тартады.
Жұмбақ Сиам, тұрғындарының ақ көңілділігі мен қонақжайлылығы, ғибадатханалардағы қайталанбас сәулет үлгілері, ұшы-қиыры жоқ, көз тартар жағалаулары, шуақты күндердің басымдылығы, ауа температурасының бір жыл көлемінде тұрақты болуы, Тайландты шайып өтетін теңіздердің жылы сулары мемлекеттің негізгі ерекшеліктері десек, артық айтқандық емес. Тайланд әсемдігі шексіз заңғар таулар мен мөлдір сулы өзендерге, арасында адам жүре алмайтын джунглилерге, экзотикалық жануарлар мен өсімдіктерге бай.
Мемлекеттік тілі – тай тілі, мемлекеттік діні - будда діні. Халықтың 93%-ы будда дініне сенеді. Тайландта сонымен қатар, мұсылмандар, үндістер, христиандар, сикхтар өмір сүреді. Король конституцияға сәйкес, барлық діннің қамқоршысы болып саналады.
Тропикалық және субэкваторлық климат Тайландқа тән. Бір жылда үш маусым бар. Ең жаңбырлы маусым- мамырдан немесе маусымның орта кезеңінен басталып қазанға дейін созылады.
Ауа температурасының ең суық кезі – желтоқсан және ақпан айлары, күндіз +25°С болса, түнде нөл градусқа жақындайды. Ал ең жоғары темпертураға тап боламын десеңіз, онда сіз үшін ең ыңғайлы маусым - сәуір айы болмақ ( +40°С ).
Суреттер: vdorogu.ru, rustur-travel.ru, ice-nut.ru, latonatour.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева