- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Италияда бәрі кешігіп...
Италияда бәрі кешігіп жүреді
Италия - саяхатсүйер қауымның ойланбастан сапар шегетін ең таңдаулы елдерінің бірі. Аталған ел бірнеше ғасырдан бері әлем жұртшылығын таңдандырудан, сүйсіндіруден шаршаған емес. Ежелгі мәдениеттің қалдықтары мен өзінше бай, ешкімге ұқсамайтын заманауи мәдениетке, тарихқа, археологияға, салт-дәстүрге сүйсінбеу мүмкін емес.
Асылында, Италия туралы айтылар ақпараттар бір сөре кітаптан да көп десек, артық айтпаймыз. Ал ең маңыздысы, ең керегі Әлемтанудың бүгінгі жазбасында...
Италия - Еуропаның оңтүстігінде орналасқан алпауыт мемлекет. Астанасы - Рим. 60 млн. халқы бар. Өзінің бастауын Рим өркениетінен алған мемлекет 1946 жылдан бері тәуелсіз болып келеді.
«Italos» сөзін грек тілінен аударғанда «торпақ» немесе «бұзау» деген мағынаны білдіреді.
Италияның мақтанышына айналған үш түсті міндетті түрде білу керексіз. Тудағы жасыл түсі - үмітті, ақ - сенімді, қызыл түс - махаббаты нышандайды. Тарихтың талай соқпағының әсерінен бұл мемлекеттің халқы итальян тілінен басқа, каталан, француз, хорват, грек, албан тілінде сөйлейді. Италия халқының басым бөлігі католиктер болғанымен, басқа дін өкілдері де жетіп артылады.
Италияға жолыңыз түсе қалса, атақты Колизейді, Пизандық Мұнараны, Әулие Марктің Шіркеуін, Венециядағы Әулие Марк Шіркеуіндегі қоңыраулы мұнараны, Флоренциядағы Уффици галереясын,Ла-Скала театрын, Сициялиядағы ғибадатханалар алқабын, Амальфи мен оның жағалауын, Ватиканды, Римдік форумды, Венцияның Гранд каналдарын, Аоста жазығын тамашалауды ұмытпаңыз.
Әсіресе, әлемнің ең романтикалық қаласы Венециядағы бір ескекті қайыққа отырып көрмесеңіз, кешірілмес ағаттық деп біліңіз. Білесіз бе, сол ескекті қайыққа отырған жастар әрбір көпірдің астында сүйісетін болса, мәңгілік бақытты сыйға алады деген әдемі сенім бар екен.
Италияның көрікті жерлері мұнымен бітпейді. Олардың қатарын төмендегі видео арқылы толықтыра аласыздар:
Италиялықтар туралы:
Италияда бәрі кешігеді. Тіпті ең маңызды деген кездесудің өзіне жарты сағат кешігіп келу қалыпты жағдай. Ал кешікке немесе мүлде келмеген автобустар ешкімді таңқалдырмайды.
Көптеген италиялықтар бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанның өзінде жолды батыл түрде кесіп өте алады. Мұндайда жүргізушілер сигналды баспайды, жай ғана тоқтап, жол береді.
Италиялықтар макаронды, жеміс-жидек пен көкөністерді өте көп жейді ( бір италиялықтың өзі жылына 25 келі макарон өнімін тұтынады). Статистикалық мәліметтер 90% халықтың күніне бір рет болсын макарон өнімдерін, күрішті, нанды пайдаланатындығын айтып отыр. 85% халық күн сайын жеміс-жидектерді жейді.
Онда түскі асқа тәтті жеуге немесе сүт коктейлін ішуге тыйым салынған. Италияда тек қана түскі ас кезінде немесе кешкі ас уақытысында тойып тамақтана аласыз. Басқа уақытта дәмханалар жұмыс істемейді.
Әрбір демалыс күндері отбасылық дастарханда жиналу бұл елдің әбден қалыптасқан дәстүрі десек, артық айтқандық емес. Олар бірінші тамаққа шанышқы мен қасыққа орап макарон жесе, екінші тамаққа әртүрлі халықтың тағамдарын құп көреді. Отырыс 2-3 сағатқа созылады.
Италиялықтар өте оқымысты халық. Әдетте олар 30 жасқа дейін университетте оқиды. Және де көпшілігі 30-35 жастан ерте үйленбейді. Олар оған дейін ата-аналарымен бірге тұрады.
Италияда басқа елдерге қарағанда полиция қызметкерлері әлдеқайда көп. Мәселен, 100 мың адамға 571 полиция қызметкері келеді екен. Бұл жағынан келгенде Италияны Ұлыбритания ғана басып оза алады.
Италияда почта-кеңселер өте көп. Себебі, халық почта қызметін жақсы пайдаланады. Почта арқылы ақша жібереді, күтіп алады, сақтайды.
Италиялықтар ағаш жалюзиларды қолданады. Терезелер күні бойы толықтай жабық тұратындықтан, бөлме қараңғы және салқын болады.
Италиялықтар еңбектенгенді ұнатпайды, бұл олқылығын бетіне бассаң, едәуір ренжіп қалатын көрінеді. Тамыз айында бүкіл ел тату-тәтті түрде демалысқа аттанады. Тіпті, ең алпауыт деген фирмалар мен кәсіпорындардың өзі жұмыстарын тоқтатады.
Олар балаларына ойына келгенін жасауға еркіндік беріп қойған. Ал олардың қаншалықты терең кететіндігі ата-ананың махаббатының «көрсеткішіне» байланысты.
Италия халқы музыка мен театрды жанындай сүйеді. Олар біз секілді күн сайын немесе ай сайын билет іздеп жүрмей-ақ, бір жылға бірден сайлап алады.
Олар ұрыспайды және айқайламайды. Олар солай сөйлейді.
Италия туралы басқа да қызықты деректер легі:
- "Ереуіл" Италияда аңыз емес, ол жай ғана жұмыстағы еріккеннің ермегі.
- Италиялықтар көбіне қара түсті киім киеді.
- Олар шырын ішпейді. Дүкендерден шырын табу қиын жұмыс. Есесіне олар жай ғана суды, шарапты, сыраны жақсы ішеді.
- Әлемдік өнердің 60% жауһары Италияда орналасқан.
- Пианиноның, термометрдің, операның, пиццаның, конус пішінді балмұздақтың Отаны Италия саналады
- Жылына 40 млн. турист ат басын тірейтін Италия туризм саласы бойынша әлемде төртінші орында тұр.
- Италияның аумағында Сан-Марино және Ватикан деген екі кішкентай мемлекет бар.
- Халқының орташа өмір сүру жасы - 79,5.
- Италияда Везувий, Этна, Стромблий деп аталатын үш белсенді жанартау бар.
- Италияның ұлттық тамағы - паста мен макарон өнімдері, ал ұлттық гүлі - лилия.
- Италияда 3000-нан астам мұражай бар.
- Италияда басқа елдерге қарағанда модельерлердің саны әлдеқайда көп.
- Еуропадағы ең тұңғыш Болондық университет 1088 жылы Италия жерінде тұрғызылған.
Суреттер:gopomiru.ru, s-tyrizm.blogspot.com, intertranstour.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева