Колизей жайлы қызықты мәлімет

Колизей жайлы қызықты мәлімет

Әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарындағы Колизей күллі Италия елінің мақтанышына айналды. Дүниежүзіндегі ең үлкен амфитеатр саналатын Колизей жайлы тарихи деректердің негізіндегі ресми ақпараттармен қатар тағы не білеміз?

Ежелгі Рим кезеңіндегі атақты мекен сол кездегі сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Құрылыс кезінде аркалар мен бағаналар коринфей, ионикалық және дорикалық бағытта салынған.

Колизей театрының алғашқыда «Флавия Амфитеатры» деп аталды. Флавей әулетінің көсемі, император Веспасиан бұйрығымен Колизей театрының құрылысы басталған болатын. Өкінішке орай, император Веспасиан театр құрылысының аяқталып, ашылу салтанатын көре алмай кетті. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, театр ашылу салтанатын атап өту 100 күнге созылды.

Амфитеатр маңында Колосса алып мүсіні орналасқандықтан, кейін театр атауы Колизей деп өзгертілді.


Колизейде бір сәтте 50 мыңға жуық адам сыятын. Ғимарат төрт қабатты болатын. Алдыңғы үш қабаты кең аркалы, ал төртінші қабаты тік бұрышты. Әр қабат биіктігі 10-13 метрге жететін, ал ғимараттың жалпы биіктігі 44 метрді құрайтын. Амфитеатр аренасының өлшемі 45х79 метр, іші құмға толы болатын. Арена жан-жағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тормен қапталған.


Ғимарат іргетасы мәрмәр кесектерден қаланды. Ішкі қабырғалардың құрылысына травертин тастары пайдаланылды. Ал өрнектер үшін кірпіш пен  тау жыныстарынан қашалды.

Құрылысқа 100 мың куб метр мәрмәр пайдаланылды. Оны құрылыс алаңына екі жүзден астам өгіз-арба жеткізіп тұрды.


Қазіргі таңда Колизей Рим қаласының көне көрікті мекендерінің бірі. Жыл сайын көне амфитеатрды өз көзімен көру мақсатында жердің түкпір түкіпрінен туристтер ағылады. Италия басшылығы Колизейге тарихи ескерткіш деп қарайды. Мұнда қоғамдық іс-шараларды, мерекелік дәстүрлі қойылымдарды ұйымдастыруға рұқсат берілмейді.

Суреттер: vokrugmira.info

Ғ. Ұзақ