Көңіл көтеруге болатын әуежайлар

Көңіл көтеруге болатын әуежайлар

Ұшаққа кешігіп қалған жағдайда немесе белгісіз себептермен рейс басқа уақытқа ауыстырылған кезде еріксіз әуежайда тұрақтап қалуға тура келеді. Тағатыңыз таусылып, уақытты қалай оздыруды білмеген кезде, әуежайды ары-бері аралап қана қоймай, бос сәттерді пайдалы өткізуге болатынын білесіз бе?! Назарларыңызға әлемнің бірқатар елдерінде орналасқан әуежайлар туралы қызықты ақпаратты ұсынамыз.

Нидерланды

Амстердам қаласының Скпихол (Schiphol) әуежайы кішкентай қала іспетті. Таң атқаннан, кеш батқанша бұл жақта көрмелер, жәрмеңкелер, спа-орталықтар, мұражай және казино жұмыс істейді. Бұл әуежай ішінді, тіпті, неке қию салтанатын өткізуге болады. Жас жұбайлар өз үйлену тойларын есте қаларлықтай өткізу мақсатында Скпихол әуежайына арнайы келеді.

Швейцария

Әлемдегі тұрмыс деңгейі өте жоғары он қаласының бірі болып саналатын Цюрих әуежайы жолаушыларға барлық жағдайды жасаған. Бұл жақта велосипед пен ролик конькилерін жалға алып, сырғанауға, әуежайдың ішін аралауға, ұшақтарды сынақ алаңынан көруге, моншаға түсуге болады.

Германия

Франкфурт қаласының әуежайында үлкен сауда үйі, спа-орталықтары мен шаштараз,медициналық қызмет көрсету орталығы орналасқан. Сондай-ақ, бұл әуежайда би алаңы бар.

Мюнхен әуежайында нағыз неміс сырасынан дәм татуға болады. Бұл сыраны аэровокзалдың сыра қайнататын орны өндіреді. Жаз мезгілінде әуежайда волейбол мен гольф ойнауға, ал қыс мезгілінде коньки тебуге болады. Сондай-ақ, әуежай ішінде заңгерлер мен бизнес-консультанттар жұмыс істейді.

Ұлыбритания

Лондон қаласының Гатвик (Gatwick) әуежайында «Вирджин Атлантик» компаниясы жолаушыларға тренинг өткізеді. Тренинг барысында ұшақта өзін-өзі ұстау ережелері мен клаустрофобиямен күресу жолдары түсіндіріледі. Ал Хитроу (Heathrow) әуежайында тренажер залы мен әр терминалда балалар алаңы орналасқан.


Италия

Рим қаласының Фьюмичино (Fiumicino) және Чампино (Ciampino) әуежайларында үздік шараптардан дәм татуға болады. Сондай-ақ, спа және сауықтыру орталықтары, шаштараз, солярий, кір жуатын орын, сауда орталықтары жұмыс істейді.

Жапония

Токио қаласының Нарита (Narita) әуежайында ұшақ күтіп отырған жолаушы қауым массаж орталығына барып, демала алады. Массаж орталығында жайлы креслолар мен демалыс бөлмелері бар. Сондай-ақ, рефлексотерапия сеанстары жүргізіледі. Бірінші терминал ішінде фотомонтаж тақтасы бар. Бұл жақта әр түрлі көріністі фотосуретке түсуге болады.

Тайвань

Тайпей (Taipei) әуежайында Hello Kitty аймағы бар. Бұл аймақтың түсі қызғылт. Барлық жиһаздар, еден, қабырғаларда атақты мысықтың бейнесі салынған. Hello Kitty аймағында балалар ғана емес, үлкен жолаушылар да көңіл көтере алады.

Сингапур 

Чанги (Changi International Airport) әуежайында жолаушылар өз уақытын бассейн немесе джакузиде өткізе алады. Оларға алкогольсіз ішімдіктер мен сусындар ұсынылады. Сондай-ақ, әуежай қабырғасында Ambassador қонақүйі жұмыс істейді.

Қытай

Гонконг қаласының әуежайында көңіл көтеруге арналған орындар жетерлік. 360 орынды 4D-кинозалы, PlayStation ойын алаңы, Aviation Discovery Centre әуе айлағы, мейрамхана, балалар алаңы орналасқан.

Оңтүстік Корея

Сеул қаласының Инчхон (Incheon) әуежайында дәстүрлі корей ұлтының мәдениетін кеңінен насихаттайтын орталық бар. Бұл аймақта корей халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, тұрмыс-тіршілігімен танысуға болады. Сондай-ақ, корей шеберлері сізге іс тігу мен тоқыма тоқудан дәріс береді.

Сурет: flyplace.ru

Ғ. Ұзақ