22 қыркүйек – Дүниежүзілік пілдерді қорғау күні

22 қыркүйек – Дүниежүзілік пілдерді қорғау күні

22 қыркүйек – Дүниежүзілік пілдерді қорғау күні. Құрлықтағы ең үлкен жануардың мұндай қамқорлыққа алынуының себебі неде деп ойлайсыз? Әрине, экологияның, табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуынан, заңсыз піл аулаушылардың әрекетінен пілдер азаюда. Бұған қоса, азаюға джунгли ормандарының оталуы, тіршілік ету аймағының тарылуы, су мен азықтың жетіспеуі де әсер етуде. Жануарлар саябағы да оларға өз мекеніндей бола алмасы анық.

Пілдер үй жануарына жатпаса да, олар мекендейтін жерлердегі адамдар қолға үйретіп, шаруашылық, құрылыс жұмыстарына да пайдаланған кездері жиі кездеседі. Тіпті, ертеректе бұл жануарлар тіршілік етпейтін Еуропада да атақты қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын жауға қарсы пілдерді пайдаланған екен.

Пілдердің арқасында туристік қызметтерін, экономикасын дамытып отырған елдер де баршылық. Солардың бірі – Тайландта арнайы пілдер күні бекітілген. Наурыз айында буддалық рәсімдерді өткізу кезінде пілдерді қамыс құрағымен, түрлі жемістермен қоректендіреді. Бангкоктан 80 шақырым жерде арнайы мерекелік әшекейлермен сәндеген пілдердің шеруі мен олардың қатысуымен түрлі қызықты қойылымдар өтеді. Тайландтағы қорықтарда пілге мініп көруге де болады. Бұл елде пілдер қасиетті жануар болғанмен, бір ғасырдың ішінде олардың саны күрт азайып кеткен. 1900 жылы Тайландта 10 000 піл болса, қазірде 500 жабайы піл мен 1600 бас қолға үйретілген піл қалған.

Үндістанда да пілдер ұлттық мерекелер мен карнавалды шерулерге қатысады. Пілдер бәйгесі, піл үстінде отырып ойнайтын поло сияқты арнайы пілдер фестивалін тамашалауға көптеген халық жиналады.
Үлкен денесіне қарасаң, ебедейсіз көрінетін пілдер суда жақсы жүзеді, баскетбол добын шеңберге дөп тигізіп, аспалы арқан жолымен де жүре алады. Денесі үлкен пілдің миының көлемі кішірек болса да, ақылды, әрі үйретуге қолайлы жануарлардың бірі. Әсіресе, Африкалық пілдер қолға тез үйренеді.
Соңғы деректер бойынша, Африка құрлығындағы пілдер саны 500-600 мыңдай болса, Азияда 30 мыңдай піл тіршілік етеді.

Пілдер Африкада, Қытайда, Үндістанда даналықтың, абыройдың, сенімнің, бейбітшіліктің, шыдамдылық пен биліктің символы болып есептелінеді. Индуизм дінінде Жерді төрт піл көтеріп тұрады десе, «Махабхарата» аңыз-эпосында Ганеша атты піл-құдай туралы айтылады.

Әлемде пілдердің құрметіне белгіленген бір емес бірнеше атаулы күн бар:

13 наурыз – Тайландта Пілдер күні;

20 маусым – Жануарлар саябағындағы пілдерді қорғау күні;

22 қыркүйек - Дүниежүзілік пілдерді қорғау күні;

30 қараша – Дүниежүзілік Пілдер күні болып аталып өтіледі. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: www.fanpop.com, peanutonthetable.com, www.dailymail.co.uk, africa.chinadaily.com.cn

Y. Smaghul