Қазақстанға әлемді аралаушы келді

Қазақстанға әлемді аралаушы келді

Жарты жылда әлемнің жартысын айналып шығуды мақсат қылған австралиялық саяхатшы Джулиан Кэюби Астанаға келіп жетті. Бұл туралы today.kz сайты хабарлады. Сапарға шыққан азаматқа әлеуметтік желілердегі достары көмектесіп келе жатыр екен. Джулиан Астанаға келгенде оған көмек қолын созуға астаналық Қадырхан Өтен ниет білдірді.

"Маған жақын досым хабарласып, бір адамды Қостанайда күтіп алып, қонатын орын тауып беруімді өтінді. Мен өзім Астанадамын. Міне, осылайша Джулиан екеуміз бірге отырмыз. Мені оның оқиғасы таң қалдырды. Жасы 19-да. Осындай экономикалық дағдарыс кезінде ақша жиып, әлемдік саяхатқа жаяу аттану деген керемет қой!", - деді Қадырхан.

Сахатшының рюкзагында қалам, блокнот, фотоаппарат, карта, велосипедін жөндеуге арналған отвертка ғана бар. Ол жолының бір бөлігін осы көлігі арқылы жүріп өтті. Қалған бөлікті автостоп арқылы бағындырған екен. Джулиан журналистерге берген сұхбатында отбасындағы жалғыз бала екендігін айтты. Осы себепті ата-анасы оны бұл сапарға оңайлықпен жібере қоймапты.

Австралиялық жігіт туған жерін әлі сағына қоймағандығын білдірді. Оның айтуынша, әзірге жолда кезіккен барлық мемлекет азаматтары оны жылы құшақпен қабылдап жатыр.

"Астаналық жұрт өте мейірімді екен. Мен көрген елдердің ішіндегі ең қонақжайы осы қазақстандықтар-ау деймін. Маған Алматы қаласы ұнады. Ондағы таулар өте әдемі, халқы көңілді. Ал Астананың архитектурасы жақсы", - деді Джулиан Кэюби.

Саяхатшы Бурабайды бір көргеннен кейін, көрші Қырғызстан, сонымен қатар, Тәжікстан, Иран елдерін бағындырмақ.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: i-news.kz