Марат Бисенғалиев жаңа симфониялық оркестрінің тұсауын кесті

Марат Бисенғалиев жаңа симфониялық оркестрінің тұсауын кесті

Танымал скрипкашы және дирижер Марат Бисенғалиевтің жаңа симфониялық оркестрінің тұсаукесері кеше Алматының бас сахнасы Республика Сарайында өтті.

Жаңа оркестр әлемдік дәрежеде өнер көрсететін дарынды 50 музыканттан тұрады. Олардың көбісі бұрын Бисенғалиевпен жұмыс жасаған екен. Бисенғалиевтің қол астында болған Батыс Қазақстан филормониялық оркестрі мен Үнді симфониялық оркестрінің, сондай-ақ Алматы, Астананың тәжірибелі музыканттары жаңа оркестрдің құрамына кірді.

Құрылған оркестр Батыс Қазақстан филормониялық оркестрі мен Үндіс симфониялық оркестрінің сәтті тәжірибесін қайталауы тиіс. Бисенғалиевтің жоспарында EMI, SONY BMG, Toccata Classic және әйгілі Abbey Road пен Angels Quartz сынды әлемдік дыбыс жазу лейблдарымен жұмыс жасау бар. Алматы симфониялық оркестрі жақында Лондондағы Альберт-холлда өнер көрсетпек.

Концерттің басты сәті "Шәкәрім" туындысының британдық композитор Карл Дженкинстің нұсқасында орындалуы болды. Бұл нұсқаны британдық композитор Бисенғалиевтің сұрауы бойынша арнайы жазған. Бұл туындыны Марат Бисенғалиевтің қызы Арухан орындады. Концертке музыкалық колледждің студенттерінен тұратын хор, қазақ халық аспаптарында ойнаған фольклористер қатысты.

Концерт барысында классикалық музыкамен қатар, джаз, поп-музыка стилдері де болады. Концерттің басты қонақтары - шет елден шақырылған, жас музыканттардың өнеріне баға беруге келген промоутер, импресарио, продюсер мен музыка агенттері. Бисенғалиевтің өнеріне құмар алматылықтар да концерттен құр қалмай, Республика Сарайында бос орын қалдырмады.

 

Шараға қатысты концерттер 12 қазанға дейін жалғаспақ. 11 қазан күні Ержан Кулибаев, Ермек Құрманаев, Жәмилә Баспақова сынды солистер өнер көрсетеді. 

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова

С. А