- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ұлы саяхатшы қазақ...
Ұлы саяхатшы қазақ жеріне қонаққа келді
"Каспийге ырғу. Развал көлі - Басқыншақ көлі" экспедициясының аясында Атырау қаласына орыс саяхатшысы, әрі жазушысы, әрі суретшісі, әрі дін қызметшісі Федор Конюхов қонақ болды, деп хабарлайды Ақ Жайық газеті.
Федор әкей қазір 61 жаста. Тынымсыз саяхатшы осы уақытқа дейін жер бетін мұхит арқылы 6 рет айналып шыққан. Ол, сонымен қатар, 17 рет Атлант мұхитын қиып өтіп, жердің екі полюсына да аяқ басып, бірнеше тау шыңын бағындырған. Конюхов осы экспедициялардың көпшілігін жалғыз өзі іске асырыпты. Ал бұл саяхаттардың нәтижесі - сансыз картиналар мен 9 кітап.
Экспедиция Атырау жеріне аяқ баспас бұрын Батыс Қазақстан, Волгоград, Астрахан даласын кесіп өткен. Федор Филиппович осылайша алғаш рет еліміздің батыс өңіріне құдайы қонақ болып отыр. Өзінің айтуынша, саяхатшы болашақта ұйымдастырылатын "Каспийді түйемен айналып өту" экспедицияның аясында бұл өңірге тағы бір соғып кетпек. Бұл сапар өз басын Астраханнан алатын болады.
"Сіз, жалпы, үйіңізде отырасыз ба?" деген сұраққа Конюхов жай ғана жымиып: "Кейде барамын. Дегенмен ұзақ тұрақтамаймын", - деп жауап берді.
Экспедицияның жетекшісі Орынбор облысындағы Соль-Илецк ауданының басшысы Юрий Вдовкиннің айтуынша, негізгі мақсат - шекара маңындағы екі облыс арасындағы байланысты кеңейту. Айта кетелік, саяхатшылар Развал, Басқыншақ көлдерінен басқа, Индер ауданындағы бірнеше тұзды көлге жол тартуды жоспарлап отыр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ©Қанат Елеуов