17 қыркүйек – Павлодар қаласының негізі қаланған күн

17 қыркүйек – Павлодар қаласының негізі қаланған күн

Павлодар қаласының тарихы 1720 жылдан бастау алады. Осы уақытта Ертіс өзенінде Коряков форпосты пайда болады. Ол Коряков өзенінде табылған тұзға байланысты осындай атауға ие болады. 1838 жылы Коряков елді мекеніне айналады, ал 1861 жылдың сәуір айында Коряков «Павлодар штатынан тыс қала» деген мәртебеге ие болады.

Павлодар еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Павлодар облысының орталығы, ірі темір жолдардың түйіскен жері және әуе порты болып табылады. 2004 жылдың санағы бойынша қаланың 304,5 мың тұрғыны бар. Қала Құлынды даласының оңтүстік-батысындағы Ертіс өзенінің оң жағасында, теңіз деңгейінен 135 м биіктікте орын тепкен.

Қаланың іргетасы Ертіс өзенінің маңындағы көлдерден тұз өндіру мақсатында қаланған. Сонымен қатар, ол әскери тәртіптегі Коряков бекінісі қызметін де атқарды. Бірте-бірте халық шоғырланып, ХІХ ғасырдың орта шенінде станция салына бастаған. Кейіннен Семей облысына қарасты Павлодар уезінің орталығы, ал 1932-1938 жылдары Шығыс Қазақстан обылысында аудан орталығы болды.

Кеңес өкіметіне дейін Павлодарда негізінен ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін, техникалық құралдармен нашар жабдықталған кішігірім кәсіпорындардан тұратын өнеркәсіп пен сауда орталығы ғана болған. Мәдени-ағарту мекемелерінен небары 6 бастауыш мектеп, 1 қоғамдық кітапхана мен клуб жұмыс істеді.

Қаланың ірі өнеркәсіп орталығына айналуына 1938 жылы өзімен аттас облыстың құрылуы және 1953 жылы Оңтүстік Сібір темір жол магистралінің салынуы үлкен әсер етті.

Павлодардың қазіргі өнеркәсібінің қалыптасуына шетелдік және республикалық маңызы бар машина жасау мен металл өңдеу, түсті металлургия, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, энергетика, құрылыс материалдары салалары күшті ықпал етуде. Өнеркәсіп кәсіпорындары тиісінше бірнеше акционерлік қоғамдар мен серіктестіктерге біріккен. Электр қуатын өндіру саласында құрамында Екібастұз көміріне негізделген қуатты 3 ЖЭС және ЖЭО жұмыс істейді.

Қалада Ертіс өзені арқылы Семей мен Омбы (Ресей), Өскемен және басқа қалалар арасындағы жүк және жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Павлодар қаласы республикадағы мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау мен кадрлар даярлаудың маңызды орталықтарының бірі.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.kazakhstan.travel

Ж. Өрісбай