- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ оқу-ағартуының тарихы...
Қазақ оқу-ағартуының тарихы #2
Екінші, тәрбие.
Қазақ халқы мал шаруашылығымен шұғылданып, көшіп-қонып жүру сапарында өз өміріне сай мәдениет қалыптастырып отырған. Құрбанғали Халиди қазақ арасындағы ойшылдар, ел басы хан-сұлтандар, билер, қара сөздің қайығы аталған шешендер, шежірешілер туралы арнайы тоқталады. Ол былай деп жазады: «Қазақ халқы оқу-жазуды білмей-ақ, кітапты көрмей-ақ, ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан ежелгі тәлімдерді, естіген сөздерін ұмытпаған. ...Данышпандар ақылды екіге бөледі: біреуін, табиғи ақыл дейді. Қазақ халқында тәлімдік ақыл болмаса да, әдеп болмаса да ой жүгірту, талдау арқылы жақсы-жаманды айыра алатындықтан, бұларды бәдәуи дегеннен гөрі, табиғи мәдениетті ел десек, теріс болмайды», – дейді.
Үшінші, қазақ халқы бала тәрбиесіне бала ес білгеннен-ақ көңіл бөледі.
Үй іші тәрбиесі мен қоғамдық тәрбие тығыз бірлестіріледі: жастарға, тәрбие алды мен адамгершілік, ақыл-ой жасынан беріледі. Оларды үлкенді құрметтеуге, кішіні аялауға баулиды, ата-ананы, аға-әпекелерді ғана емес, бүкіл рулы елдегі үлкендерді құрметтеу, туыстар арасындағы бауырмалдық, дос-жарандар арасындағы адалдық орнату тәрбиесі беріледі. Сол себепті де қазақ халқында «баланы сылау өсіреді, қарды қылау өсіреді» деген мақал пайда болған.
Төртінші, қазақ халқында балаға сәби күнінен бастап аты-жөн тәрбиесі беріледі.
Қазақтың әр баласы жеті немесе тоғыз атасын жатқа айта білуге тәрбиеленеді. Егер баланың ата-анасы бұл тәрбиеге немқұрайлы қараса, ол кінәлі саналады. Аты-жөн тәрбиесін ала алмаған бала жөнінде қазақта «жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі» деген мақал бар. Осындай тәрбиенің арқасында «шежіреші» аталатын, ауызша тарих сөйлей алатын, ата жөн қуатын білімді адамдар жетілген. Бұлардың аузынан жазып алынған шежірелер IX-X ғасырдан бастап тарихи естеліктерге түсе бастаған еді. Мысалы, дулат тайпасынан Мырза Қайдар, жалайыр тайпасынан Қадырғали Жалайыри құнды мәліметтер береді. XVIII-XIX ғасырға келгенде қазақ шежірелері жазба тарих бетіне түсе бастады. Кейінгі дәуірлерде қазақ тарихының зерттелуіне, жазылуына негіз болды.
Бесінші, қазақ халқында қолғанат болысымен-ақ балаға еңбек тәрбиесі беріледі.
«Еңбек етсең, емерсің», «еңбек түбі – зейнет» деген аталы сөздер осындайдан туған. Қазақтың шаруашылық өмір қажетінен шыққан еңбек түрлерінен үйшілер, ұсталар басқа да әр алуан қолөнершілер жетіліп отырды.
Алтыншы, ислам дінінің шариғат тәрбиесі мен қазақтың әдет-ғұрып заңдары тәрбиесі тығыз бірлестіріледі.
Осы арқылы жас ұрпақ заңға, жол-жосынға, әдет-ғұрыпқа құрмет етіп және оған бойсұнып отырады.
Жетінші, қазақ халқы баланы жас күнінен өлеңқұмарлыққа, ақын-жыраулыққа, шешендікке, домбырашылыққа баулу жұмысын қалыс қалдырмайтын.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: massaget.kz
M. Auelkhan