Тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы #1

 Тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы #1

Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамның ұйымдастыруымен жүзеге асырылған "Ұлытау" экспедициясының құрамы Қарағанды облысының Байқоңырындағы петроглифтерге барар жолда Жезді елді мекенінің өңірлік мұражайына да тоқтап өткен болатын. Бірталай мағлұматқа ие болып қайттық.

Мұражай Қазақстан Министрлер Кеңесінің 1988 жылы 12 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Жезді ауылында ұйымдастырылды. 1994 жылы 15 шілдеде ресми ашылды. Мұражай "Ұлы Жібек жолының" бір тармағында орналасқан.

Жезді ауылдық округі кезінде Қарағанды облысының аудандық орталықтарының бірі болған. Сол өңірдегі инфрақұрылымы бар, халық көп шоғырланған елді мекендердің бірі. Мұражайдың дәл осы өңірде бой көтеруінің басты себебі, бізге тарихтан белгілі Басқамыр, Аяққамыр секілді Ұлы Жібек Жолының маңызды өту нүктелері болғандығы. Сонымен қатар, тас дәуірінің, қола және оғыз-қыпшақ кезеңдерінің қоныстары табылған әрі тарихи, әрі мәдени маңыздылығы бар аймақ екендігі еді.

Мұражайдың бой көтеруіне негіз болған қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Мәкен Төрегелдин есімді кісі. Осындай мұражайға тарихи жәдігерлерді жинақтау ондаған жылдық еңбектің нәтижесі екені біз айтпасақ та белгілі болып отыр. Қазіргі кезде мұражайды Мәкен ағаның ұлы Рустем Төрегелдин басқарып отыр.

Мұражай көне және орта ғасырлардағы тау-кен балқыту ісін көрсете отырып, палеолит кезеңінен ғарыш заманына дейінгі тарихты қамтиды. Тас, мыс, қоладан жасалған садақ ұштарынан бастап ғарыш кемесінің фрагменттеріне дейінгі тарихи жәдігерлер келушілерді бейжай қалдырмайды.

Экспозицияда көлемді жәдігерлер өте көп. Мысалы, ежелгі мыс балқыту пешінің жұмыс істейтін үлгісі, материалдық, мәдени тұрмыс, этнографияны сипаттайтын мыңдаған сирек, бағалы экспонаттар қамтылған.

Қазақ елінің мемлекеттік тарихы, бостандық, егемендік, бірлік үшін болған күрес жолдары, қазақ тарихының шындығын баяндайтын тақырыптық стенділер, кеңейтілген экспонаттар бар. Мұнда ортақ келісімдер бойынша оқушы және студенттермен лекция, саяхат-сабақтар өткізіледі.

1994 жылы 3 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев мұражайға арнайы келіп, оның рөлі мен маңызына жоғары баға берді. Мұражай өз саласында Қазақстанда ғана емес, Орта Азия мемлекеттерінің ішінде де тұңғышы болып табылады.

Ұлытау өңірінде мыс рудалары бар екендігі туралы ең алғашқы жазбалар XVIII ғасырға жатады. Сарыарқа даласынан атты әскермен өткен Капитан Рычков өзінің "Записки путешествия в киргиз-кайсацкие степи в 1771 году" деген жазбасында руданың ошақтарын көрсетеді. Ал Жезқазғандағы мыс рудасының кені 1847 жылы ашылып, өндірістік жұмыстар жүре бастаған.

ХХ ғасырда ағылшындар аталған өңірге қызығушылық танытып, Атбасар және Спасск мыс кен орындарына қоса Жезқазған мен Қарсақбай аумағындағы кендерді өндіруге атсалыса бастайды. Қарсақбай кенішіне зауыттың қажет жабдықтарын жеткізу мақсатында уақытша темір жол салғаны бұл өңірдің мыс рудаларына өте бай болғанын дәлелдейді.

Жалғасы бар ...

Арнайы Massaget.kz үшін: Жолдас Өрісбаев

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай