Қазақ фольклорындағы мықан ағашы #4

Қазақ фольклорындағы мықан ағашы #4

(Басы)

3. Қазақ фольклорындағы мықан ағашы

Қазақ аңыз-ертегілеріндегі мықан ағашының (бәйтеректің) нысаналық белгісі – – заман, мәңгілік өмір. Қазақ үшін о дүние мен бұ дүниенің шекаралық белгісі – шоқ терек. Ер Төстік те, Керқұла атты Кендебай да, Тазша бала да бәйтеректің түбіне келіп, осы өмірге оралады. Олар біз жайлаған кеңістіктен өзге кеңістікте өмір сүріп келген. «Күн астындағы Күнікей қыздағы»  алтын ағаш та сондай құдіретке ие, мықан ағашы (бәйтерек) – мәңгілік уақыттың символы.

«Ер Төстік» те, «Керқұла атты Кендебай» да, «Күн астындағы Күнікей қыз» да Түркі қағанаты мен оғыз-қыпшақ дәуірінен бұрын шыққан ертегілер. Мүмкін, оқиға құрылымы жағынан өзгеріске ұшырап, бір желі қосылып, бір желі алынып тасталған болар, бірақ, ежелгі дәуірдің нысанасына айналған бәйтерек аңыздың түп қазығы болып қалған. Бұл нысана «Қозы-Көрпеш Баян сұлуда» – бестерек, «Қыз Жібекте» – жалғыз қурай. Қу ағаш (Төлегеннің панасыздығын меңзеу), «Абай жолында» шынар, алып бәйтерек ретінде көрініс тапты.

Мықан ағашы (бәйтерек) – түркі тілдес ұлттардың түп атасының бейнесі. Қыпшақты тілге тиек етер болсақ, қазақ шежіресі бойынша қыпшақтар қазақ орта жүзінің алты үлкен тайпасының бірі. Қыпшақтар тек қазақ құрамын ғана толықтаған демейміз, әйтсе де, қытайдың тарихи деректеріне аты түскен қыпшақтардың ата-бабалары «хуша», «ужелерден" орта ғасырдағы «чыңса» және кейін «қыпшақ» атымен түркі тілдес ұлттардың құрамын толықтаған. «Оғызнама» дастанында «қыпшақ» атының қалай қойылғандығы туралы былай делінген: «...сонан Оғыз қаған қолын бастап Еділ дариясына келді. Еділ дариясы үлкен екен, Оғыз қаған оны көріп: «Еділдің суын қалай кешіп өтерміз?», – деді. Шеріктерінің арасында Ұлұқ Ордабек атты жақсы бір бек бар еді... Дария жиегіндегі ағаштардан сал жасап, Еділ дариясынан өтті. Оғыз қаған сүйсініп күлді де: «Сен осында бек бол енді, атың сенің болсын қыпшақ», – деді».

Бірақ «Шежіре - и түрікте», «қыпшақ» атының қойылғандығы туралы басқаша жазылған. Онда: «Қытайдың артқы жағындағы теңіз жағасындағы биік таулар арасында көп елдер бар еді. Олардың патшасының аты «Ит бұрақ» (немесе ит бұдақ) еді. Оғыз хан оның еліне жорық жасап, соғыс ашыпты. Бірақ, соғыста Ит бұрақ хан жеңіске жетіп, Оғыз хан қашыпты. Осы соғыс болған жердің жағында екі үлкен өзен бар екен... Соғыста Оғыз ханның бір бегі өліп, әскерлері қатты қырғыншылыққа тап болады. Бектің әйелі әрең қашып құтылып (ол кездегі соғыстарда, бектер үй-ішін қоса ала жүреді екен), Оғыз хан әскерлерінің бас-аяғын жиып жатқан кезде келіп қосылады. Әйел екіқабат еді. Толғағы жиілеген кезде, әйел бір шіріген ағаштың қуысын көріп, сонда босанып ұл тауыпты. Оғыз хан балаға «Қыпшақ» деп ат қойып, оны өзі бағып алыпты». Ертедегі түрік тілінде іші қуыс ағашты «қыпша» дейтін. Бұл бала іші қуыс ағаштың ішінде туылғандықтан «қыпша» деп аталған. «Қыпша» кейін «қыпшақ» болып өзгерген. Біз бұл арада ұлттың келіп-шығуын қарастырмай-ақ қоялық, мұндағы назар аударуға тистісі екіқабат әйел не үшін үңгірге не басқа жерге бармай, сол ағаштың қуысына барып босанады? Мұның өзінде қыпшақтардың ағашты қадір тұтып, оны қормалына, қорғанына балауы, қасиетті ағаш деп сенуі болып табылады. Ұйғұр ұлты ежелден бір батырды алып бәйтерек дүниеге әкелген деп сенеді. Бөгу қағанды ұйғұр ұлты ел іргесін қалаған батыр деп санайды. Досаңның (多桑) «Мұңғол тарихына» негізделгенде бөгу қағанды бәйтерек туған делінеді.

Мықан ағашы, алып бәйтерек – ата-бабамыз алып ер Тұңға. Оның атасы Қыпшақ, тегі түрік Ишбақай, Ишбақайдың арғы атасы – Тарғытай! Тарғытай да бәйтеректің саясында, найзағайлы дауылда дүниеге келген. Ұлы Герадот дегдар «Адам ата-Хауа ана» дәуіріне апарады. Ал Адам ата мен Хауа ана бейістегі жақсылық пен жамандықтың парқын танытатын киелі ағаштың жемісін жеген соң біз жаралдық-мыс емес пе.

Алып терегім құлады – деген сөз бар. Бұл сөз біздің заманымызға дейінгі 9-8 ғасырда жазылған. Яғни, бұл мықан ағашы, бәйтерек туралы аңыз шықты деген ертегі заманынан 1000 жыл бұрын бар екен. Қазір де ел ағасы не үй иесі қайтыс болса, «бәйтерегім құлады» дейміз. Мықан ағашы, бәйтерек туралы ертегінің өзі біз үшін ертегіге айналған заманда туған. Ал сол заманның өзінде бәйтеректі «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» заманындағы киелі ағаш ретінде қабылдапты.

Мықан ағашы (бәйтерек) – аңыздарда дүниенің кеңдігінің символы. Ол табиғат пен өмірдің жалғасқан айнымалы шексіздігін меңзейді. Профессор С. Қасқабасов «... Бәйтеректің басына ұя салған самұрық (не алып құс) кейіпкерді аспан әлеміне алып ұшады, иә болмаса жер бетіне шығарады. Зәулім бәйтерек бейнесі – қазақ жағдайына сәйкес космостық ағаштың өзгерген түрі. Мұны қазақтардың айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты қадір тұту салтынан да көруге болады» дегенді айтады. Бұл ойымызды Шоқан Уалихановтың мына пікірі қуаттай түседі: «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе бұта қадірленіп, адамдар оның басына түнейді. Қасынан өтіп бара жатып, адамдар ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды. Ыдыс тастайды. Тіпті, құрбандық шалады. Я болмаса аттың жалын түйіп тастайды», «орман тәңірінің киесі атады» деп жалғыз ағашты кестірмейтін, жас талды сындырмайтын әдетіміз күні бүгінге дейін жалғасып келе жатуы да сол кездегі түсінік-түйсіктерден қалған болса керек».

(Жалғасы бар)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: aikyn.kz

M. Auelkhan