Біржан салдың ұрпақтары кімдер?

Біржан салдың ұрпақтары кімдер?

Əн. Сол əн əуеге мамырлай көтерілді де белгілі бір биіктіктен түспей тұрып алды. Сөйтті де терең толғанысқа толы саз мұң-бесікке бөленген күйінен жазбай, жаңылмай жалғаса берді, жалғаса берді. Ол тым шығандап шырқап та кетпейді, төменге судырай сырғып та түспейді. Жəне сорғалап келіп құйылар қоңыр əуенге де бой алдырмай, төңіректі дірілдетіп тұрып алды.

Оу дүние, өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім, – деп басталған əуен ұлы Біржан ғұмыр-тірлігінің сарқылып келіп тəмам болар азалы сəтінен хабар бергендей. Əн атақты сал-серінің шау тартқандағы мүшкіл халін сездірген сайын: «Беу, опасыз жалған!» – дегізер күйікпен сенің де ет жүрегіңді шабақтап, жан сарайыңды аңырата соққан ызғарымен қари түседі. Қалтыратып жібереді.

Қара су есік алды ылайланды,

Бай қылмақ, жарлы қылмақ құдайдан-ды.

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгелентіп,

Дүние өтерінде шыр айналды, – деген тұста өміріңді өтпестей, күндеріңді бітпестей көретін пендешіл көңілің тіксініп сала береді. Осы сəтте ғұмырыңның келтелігін жаңа ғана сезінгендей боласың.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тəтті,

Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.

Əкең ем аяйтұғын жаның ашып

Шешсеңші, білегіме арқан батты!

Əннің шырқау биігі де, көңіліңді өксікті күйікке шарпытып, сезіміңнің тас құрсаулы шеңберін талқан етіп, жаңа бір пайым парқына шығандатып əкетер сөз салмағы да міне, осы арада, осы жерде сияқты. Мұны естігенде былайғы сəттегі күйініш-ренішің де, нала-мұңың да Біржанның, ұлы Біржанның керегеге таңылған кездегі қайғылы халінің қасында түкке тұрмастай болып көрініп, өте бір аянышты əсер қалдырады.

Реквием-саз тəмамдалды. Жай ғана тəмамдалған жоқ, жүрек басына қан ұйытып, жан-дүниеңді егілтіп барып аяқталды. Оны бізге орындап берген бұл күнде жасы жетпістің алтауына келген Мұханбетқали ақсақал. Иə, иə, ұлы Біржан салдың: “Теміртас, Асыл, Ақық балдан тəтті”, – деп сөз арнаған Теміртасының бүгінгі көзі тірі ұлы Мұханбетқали ғой, бұл.

Шынымызды айтайық, біз алдымызда отырған асылдың сынығы бұл кісіні күндердің күнінде көреміз, əнін тыңдап, əңгімелесеміз деп əсте ойлаған емес едік. Бірақ, есімін бала кезден жақсы білетінбіз. Оны бізге ұқтырған, Біржан салдың осындай ұрпағы бар деп хабардар еткен атақты өнер зерттеушісі, профессор Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» атты кітабындағы қысқа да нұсқа жалғыз сөйлем болатын. Осыдан 30 жыл бұрын жарық көрген жоғарыдағы шығармада Есім Байболов деген өлкетанушының аты аталады. 1928 жылдың жазында міне, сол кісі Бурабай поселкесінен шығып, Ақкөл деген жерде отырған Біржанның баласы Теміртасты іздеп келеді.

– Үйезден бұдан бұрын да талай адам келіп, әкем туралы деректер алып кетіп еді. Білгенімді сіздерге де айтып көрейін, – дейді сонда отағасы ойланып. Сөйтеді де əсерлі, əдемі əңгіме тиегін ағытады. Сөзінің соңында:

«Əкеміз өлген жылы біздің үйде екі сиыр, бір бие, бір ат, он шақты қой болып еді. Біржаннан қалған төрт перзенттен тірісі мен ғана, мына бір Мұханбетқали деген жалғыз балам бар», – деп қасындағы алты-жеті жасар бүлдіршіннің басынан сипап қояды. Сол Мұханбетқали міне, осы кісі. Көз əйнегін оң қолымен оқтын-оқтын түзеп қойған қария қоңыр домбырасын алдына өңгерген қалпы жанарын бір нүктеге қадап, біздің алдымызда үнсіз отыр. Көп сөзге жоқ тұйықтау адам ба дейсің. Əңгімені суыртпақтап сұрамасаң, сараң мінезінен ештеңе де ұқтырмайтын сияқты.

– Əкеңіз Теміртас туралы не білесіз? Ол қандай кісі еді? – дейміз біз Мұхаңнан.

– Ес білгендегі өз аузынан естігенім, əкей патшаның 1916 жылғы июнь жарлығында қара жұмысқа ілігіп, батыстағы соғыста окоп қазыпты. Одан қайтып келгеннен кейін 1918 жылы осы Бурабай поселкесінің іргесіндегі телдіктердің консерві зауытында еңбек етіпті. Он-он бір жастағы кезім ғой… Түр-тұрпаты əлі күнге көз алдымда. Ол кісі бойы екі метрге жуық еңселі адам еді. Қаршыға қабақты, сұлу мұртты жан болатын. Степняк, Бурабай өңірінде одан күші асты дегенді естіген де, көрген де жоқпын. Мына іргедегі Күркіреуік өзенінің үстіндегі судиірменге екі қап бидайды екі қолтығына қысып апара беретін. Ұмытпасам су диірменінің иесі Кочегуров деген орыс болуы керек. Қазір республикалық Бурабай шипажайы қоныс теуіп тұр ғой сол орында. Нелер шу асауды əкей бұғалық, құрық салып əуре болмай-ақ қос құлағынан басып тұрып үйрете беретін.

– Анаңыз кім еді?

– Шешем Гүлжəмила сонау Абылай заманында Көкшеге келіп қоныс теуіп қалған қырғыздардың ұрпағы Сатай деген кісінің қызы-тын. Осы өңірге алғаш медресе-мектеп ашқан, сəулетті мешіт үйін салдырған атақты Қосдəулет деген бай болған. Шешеміз қыз кезінде міне, сол кісінің ұлы Омар қажыға атастырылып қойылған екен. Бай баласы ертең-бүрсігіні той жасап алайын деп отырған жерінен əкей тартып əкеткен ғой анамызды.

– Апырмай, ə, – дейміз біз.

– Өзі бай, өзі бір болыс елді аузына қаратып отырған Қосдəулеттің келінін тапа талтүсте тартып әкеткен әкеңіз де осал болмаған-ау, сірə. 

Жалғасы

Сұқбаттасқан: Жанболат Аупбаев

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: massaget.kz

M. Auelkhan