Алматы күніне орай өтетін іс-шаралар

Алматы күніне орай өтетін іс-шаралар

Алматы күнін күздің алғашқы айының үшінші жексенбісінде тойлау дәстүрге айналғаны белгілі. Осы жылы мерейлі мереке 21 қыркүйекке түсті. Ал Оңтүстік астананың туған күнін тойлау мәресі тамыз айының аяғында басталады деп күтілуде. Осыған орай қала әкімдігі біраз іс-шара өткізбек. Олардың ішінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Apple Fest, «Алматы – іңкәрім менің» ретро-фестивалі де бар.

Осы жылдың ең ауқымды шарасы Apple Fest болмақ. Былтырғы «алма базарынан» айырмашылығы - биыл бірден екі жерде: Тұңғыш Президент атындағы саябақ пен М. Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс паркiнде өтпек. Apple Fest 21 қыркүйекте күндізгі 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Осы фестивальде қала әкімі сөз сөйлеп, шара соңында Республика алаңында 21:00-ден 23:00-ге дейін, екі сағатқа созылатын отшашу болады.

Төменде қала күніне арнайы өткізілетін іс-шаралардың толық тізімін ұсынамыз:

29 тамыз – 29 қыркүйек аралығында Алматының Арбатында Халықаралық заманауи өнер фестивалі «ARBAT FEST 5» өтеді. Мұнда «Парасат қаласы» атты ортақ тақырыпта өтетін көрмелер, шеберлік сабақтары мен көптеген қойылым қала қонақтары мен тұрғындарын күтеді. Өнерсүйер қауымды үлкен сый күтіп тұр.

5-12 қыркүйек күндері ТМД елдерінен қуыршақ театрлары келіп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, науқас бүлдіршіндерге арнап, қайырымдылық фестивалін өткізеді.  Фестивальге Мәскеудің атақты қуыршақ театры, Душанбе, Бішкек, Алматы қалаларының Мемлекеттік қуыршақ театры, сонымен қатар «Алақай» (Ақтөбе), «Равлик» (Киев), «ТриЛика» (Мәскеу), «Карабаска» (Пермь), «КрошкаАрт» (Санкт-Петербург), «Ученый медведь» (Мәскеу) сияқты театрлар келмек.

6 қыркүйекте «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенiнде «Алма-ата — моя первая любовь» атты дәстүрлі ретро-фестиваль өтеді. Жыл сайын түрлі тақырыпта өтетін бұл фестиваль биыл «... салтанаты» тақырыбында өтеді. Нақты қандай салтанат екенін ұйымдастырушылар құпия түрде сақтап отыр.

10-12 қыркүйек күндері М. Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс паркiндегі жазғы амфитеатрда  ашық аспан астындағы «Оркестрлер шеруі» атты оркестрлік музыка фестивалі өтеді.

10-19 қыркүйек аралығында Омбы Мемлекеттік Драма Театрының ұжымы гастрольдік сапармен Алматыға келеді.

Қыркүйек 13-жұлдызында «Астана» алаңында «Gakku TV» арнасының ашылу құрметіне байланысты қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті өтеді.

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 15-20 қыркүйек күндері өтеді деп жоспарлануда.

15 қыркүйек күні Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрында Моцарт операсының желісімен қойылған «Сиқырлы сырнай» қиял-ертегісінің премьерасы болады.

15-21 қыркүйекте «Арман», «Цезарь» кинотеатрларында және «Алатау» киноконцерт залында ретро-фильмдер апталығы өтеді.

Осы күндері Алматы қаласының тарих мұражайында «Алматы және алматылықтар» атты көрме өтеді деп күтілуде.

17 қыркүйек күні М. Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс паркiнде «Алматым Жүрегiмде» байқауы өтеді. Алматы қаласына арналған жаңа және бұрын-соңды орындалмаған әніңізді  1 қыркүйекке дейін жіберіп, байқауға қатысыңыз. Байқауға 18-ден 30 жас аралығындағы жас әншілер шақырылады. Бас жүлде – Автокөлік!

20 қыркүйек сағат 19:00-де Орталық Стадионда «Muzzone 2014» Еуразиялық Музыкалық бәйгесі өтеді.

21 қыркүйек. Алматы қаласы мұражайларының «ашық есік» күні.

Дүкен аралағанды жаны сүйетіндер үшін 21-30 қыркүйек аралығында қаладағы сауда орталықтарында арнайы «Сатуфест» ұйымдастырылмақ.

«Алатау» киноконцерт залында дәстүрлі музыканы қолдау мақсатында «Күміс көмей — жез тандай» байқауы өтеді. Болатын күні 24 қыркүйек сағат 19:00.

 Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры

Қыркүйек айының ең басты оқиғасы - Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 81-ші театрлық маусымының ашылуы.  Италиялық  режиссерлер Андреа Чиньи мен Бенито Леонори «Абай» операсының қойылымын ұсынады.

Сүйікті қаланың маңызды мерекесін тойлауға бірге атсалысайық!

 Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: ВКонтакте желісінен

Y. Smaghul