- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ фольклорындағы мықан...
Қазақ фольклорындағы мықан ағашы #2
Ділмарат Әметайұлы
Төтемдік табыну бір түрлі дін формасы, алғашқы діннің маңызды құрамдас бөлігі, бұл туралы бұрынғы Совет Одағы ғалымы Хайтүн: «...Төтемдік табыну алғашқы тайпалардың діні. Ол мәлім бір құдіретті ата-бабадан – жартылай адам, жартылай хайуан, жартылай өсімдік немесе белгісіз организмнен келген деп сену, әрі өздерін солардың атымен атау... Тайпа мүшелері түрлі формалар арқылы төтемге құрмет білдіріп, хайуанат және өсімдік төтемдеріне шектем салады...», – деп жазады.
Төтемдік табыну адамзаттың бір түрлі сана қимылы. Ертедегі адамдарда табиғатқа иек артуы өте күшті болған. Төтемде ағаш күзде жапырақ тастап, қыста ұйықтап, көктемде тіріледі, тамыры тозақпен, ұшар басы аспанмен жалғасып, жер мен көкті байланыстырып тұратын табиғаттан тысқары құдірет дарыған, адамзат пен әлемнің символы деп қаралады.
Әрқандай бір төтем ертедегі адамдардың алғашқы табиғатпен болған байланысының туындысы, жаратылыстық ортаның адамзат санасындағы бейнесі. Адамдардың жасаған ортасы орман-тоғаймен байланысып, жасыл түспен қатысты болған, сөйтіп адамзаттың алғашқы жасыл төтем (绿色图腾) жарыққа шыққан. Жасыл төтем адамзаттың ең алғашқы жасыл түсті мәдениеті. Адамзаттың жасыл түсті төтемге сенуі көбінде жасыл өсімдіктерге табынудан, әсіресе ағашқа табынудан айқын көрінеді.
Ертедегі адамдар орманды тіршілік ортасы етіп, олардың тұрмысы айталық: киер киім, ішер ас, тұрар жай, жүріс-тұрыс қатарлылардың барлы ағаштан айырыла алмаған. Сондықтан да олар табиғи түрде ағашты өздерімен қандастық қатынасы бар затқа балаған. Оған сыйынып жалбарынған. Адамзат ағашты өздеріне тіршілік кеңістігін жаратып, тұрмысын қамтамасыз еткенін, орманмен бірге жасап, орманнан айырыла алмайтындығын тікелей сезіп-білген.
Шаманизм – ерте заманда Орта Азия өңірінде әсіресе осы өңірді мекен еткен көшпенділер арасына кеңінен таралған ең алғашқы дін. Оның басты бейнелері табиғатқа, табиғат құбылыстарына табыну, ата-бабалар әруағына сыйыну болған. Шаман діннің келу қайнары ұлы табиғатқа табыну және барлық заттармен құбылыстарда «жан» болады дейтін қарапайым түсінік. Шаман діні – алғашқы қауымдық дәуірдің туындысы. Нақтылап айтар болсақ, аналық рулық қауым кезінде пайда болған далалық идеологияның бейнеленуі еді. Далалықтардың алғашқы саналық көзқарасының негізі – көп құдайлық таным, яғни «Барша дүниенің рухы болады» деген идея. Ал мұның туылу негізі – сол ұлттардың табиғатпен күрес тәжірибесінен туған, бойсындыру арманы мен ардақтау сезімі. Өздерінің ұлы табиғатқа болған ішкі жан мейірімділгінен туындаған ой-сезімі. Оны қорғау сынды асқақ арманы. Адамдардың ұзақ уақыттар бойы табиғатпен болған күресі барысындағы өздері қорытқан, түйген ой-болжамдары.
Шаман дініне сенетін солтүстіктегі көптеген ұлттар орманда өмір сүріп, аңшылықпен күн кешіретіндіктен орман-тоғаймен терең сүйіспеншілік қатынас орнатып, ағашқа сыйынып, оны пір тұтқан. Шаман дінінде мықан ағашы өсіп-өркендеудің символы, тіршіліктің бастау көзі, ұлт дамуының бейнесі болған.
Ерте заманғы қытайлардың кей тайпалары айдаһарды, мияу, яу ұлттары, улұнчұн ұлты аюды, түркі тілдес ұлттар және басқада ұлттар көк бөріні, мықан ағашын (бәйтеректі) төтем етіп табынған. Ғалымдар бұл туралы деректерді ауыз әдебиетінің ең ескі жанрының бірі қиял-ғажайыптардан тапты. Бұлар ертедегі адамдардың анамизмдік таным негізінде қалыптасқан болып, қауымдық діндермен қою байланысты болған. Оны белгілі мағынадан алғанда, ерте кездегі сенім-нанымдардың ауыз-екі әңгіме түрінде баяндалуы деуге болады.
Алғашқы қоғамдағы мифтік, қиял-ғажайыптық ертегілердің мазмұны ғажайып болғанымен, олар еңбек науқанының топырағынан өніп шыққан туындылар. Алғашқы адамдар өндіріс-еңбек барысында, боран-шашында күн күркіреп, найзағай үйіріп, бұлт, шапақ, кемпір қосақ қатарлылардың құбылуына таң қалған. Өсімдіктердің қалайша өсіп-өнетіндігін білгісі келген, ертедегі адамдардың экономика-шаруашылық өндіріс тәсілінің дамуы мен өндірістік құрал саймандарының тапшылығына, адамзат ой-санасының тым төмен болуына байланысты табиғат дүниесін және оның құбылстарын толық түсініп жете алмаудан туған. Өз ойы, өз көзі көріп жетпеген нәрселердің барлығын алып күшке, рухқа балап түсіндіруге мәжбүр болған. Адамзаттың осы сәбилік дәуірінің салдарынан туған қияли ертегілерде табиғаттан тыс жаратушы иелер жаратылған. Олар осының бәрін «құдіреттің», «тәңірдің» жазуымен болып тұр деп есептеді. Сөйтіп, алғашқы адамдар мифтік ертегілерде көптеген көркем образдар жаратты. Төтем жөніндегі миф, қиял-ғажайыптарда, белгілі төтем объектісінен әлемнің, адам баласының немесе ру-тайпалардың келіп-шығуы баяндалады.
(Жалғасы бар)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: liveinternet.ru
M. Auelkhan