EXPO-2017 көрмесінің маскоты анықталды

EXPO-2017 көрмесінің маскоты анықталды

4-18 тамыз аралығында EXPO-2017 көрмесінің маскотын анықтау үшін expo2017mascot.kz арнайы сайтында бүкілхалықтық дауыс беру өтіп, байқау жеңімпазы анықталды. 

Қазақстан – Орталық Азия мен ТМД елдерінің ішіндегі EXPO көрмесін өткізу мәртебесіне ие болған алғашқы мемлекет. Осы көрменің маскотын таңдауға бүкіл қазақстандықтар атсалысты. Маскот сөзі француз тілінен аударғанда сәттілік пен бақыт әкелетін бойтұмар (талисман), символ деген мағынаны береді. Байқауға Бразилиядан, Мексикадан, Венесуэладан, Португалиядан, АҚШ-нан, Германиядан, Швейцариядан, Ұлыбританиядан, Испаниядан, Босния және Герцеговинадан, Бельгиядан, Литвадан, Румыниядан, Польшадан, Украинадан, Израильден, Үндістаннан, Индонезиядан, Ресейден, Қазақстаннан дизайнерлер қатысқан. Байқаудың электрондық мекен-жайына барлығы 80- нен астам жұмыс жіберілген. Ұсынылған жұмыстардың ішінен озық шыққан 7 үлгі де қазақстандық дизайнерлерге тиесілі. Бұл 7 бойтұмарлардың ішінен үздігін анықтау үшін дауыс беру жүргізілді.

Аталған байқаудың жеңімпазы 3705 дауыс жинаған «Тәңірі және Бөрі» болды. Авторы: GOOD! Агенттігі. Тәңірі – қонақжайлылықтың, жылулық пен күштің белгісі, Тәңірдің өзі жіберген сыйы, күннің энергиясын білдіреді. Ал оның жанында үнемі бірге жүретін Бөрі – көк бөрінің бөлтірігі, желді сипаттайды, Тәңірінің шаршамайтын, адал досы.

«Күнсұлу, Бөбек және Ұлан» 3198 дауыспен екінші орынға тұрақтаған. Күнсұлу – Күнді бейнелейтін, күн энергиясын басқаратын қазақтын биязы қызы. Бөбек болса, су элементінің белгісі. Оның қасиеті – қолының ұшымен-ақ Қазақстандық өзен-суларды басқара алатындығы. Ұлан – табиғатты басқаратын қасиеті бар, біздің байтақ жерімізде өмір сүрген көшпелілердің ұрпағы. Дизайн авторы Green Penguin агенттігі.

3019 дауыспен Мира Қанатованың туындысы – «Күнсұлу, Дауылхан және Толқынай» үшінші орында. Үшеуі EXPO-ның негізгі нышанында көрсетілген от пен суды және желді бейнелейді.

Байқау жеңімпазы EXPO-2017 маскотының «брендбугін» әзірлеу үшін «Астана EXPO– 2017» компаниясымен келісімге отырады.

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: expo2017mascot.kz, kazpravda.kz

Y. Smaghul