- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстандық ең белсенді...
Қазақстандық ең белсенді 300 жас Қапшағайда бас қосты
Massaget.kz сайтының тілшісі Қапшағай қаласының маңындағы "Алтын Эмель" демалыс орнында ұйымдастырылған "Жастар – Отанға" атты саяси лагерьде болып қайтты.
Тамыздың 7-сінде алғашқы қонақтарды күтіп алған лагерь осы айдың 13-іне дейін жұмыс істейді. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әр салада жетістіктерге жеткен ең белсенді 300 жас жиналған. Олар осында өткізетін бір апта уақыттарының ішінде демалып қана қоймай, интеллектуалдық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік алады, дейді жоба басшылары. Лагерьдегі ұйымдастырушы штабтың өкілі Әлия Оразымбетованың айтуынша, бұл жоба жастарға бойдағы бар потенциалды елдің пайдасына жұмсауды насихаттау мақсатында ойластырылған.
Нұрлан Сыдықов, "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы
Партияның "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов жобаның басты мақсаты ретінде жастар арасында білімге құштарлықты насихаттау, жұмыссыздықпен күрес, жастарға уақыттарын тиімді өткізуге ықпал жасау, отбасының басты құндылықтарын жастар санасына сіңіру деп төрт бағытты атап көрсетті.
Лагерь аясында жастар қоғам қайраткерлерімен, әр саланың мамандарымен болатын кездесулерге қатысып, пайдалы ақпараттарға қанығады. Осыған дейін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек лагерь қонақтарымен бас қосып, ой бөлісті. Ол жастардың елдің дамуының басты кепілі екендігін айта отырып, партия аясында істеліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары
"Нұр Медиа" холдингінің бас директоры Болат Берсебаев та тренинг өткізіп, мемлекет пен қоғамның құрылымын теориялық тұрғыдан түсіндіріп, қазақстандық жастар саясатының қазіргі хал-ахуалы туралы айтып берді.
Оң жақта Болат Берсебаев, "Нұр Медиа" холдингінің бас директоры
Бүгінге дейін лагерь аясында басқа да мамандар мен қоғам белсенділері тренингтер өткізді.
Бұндай шаралар 13 тамызға дейін жалғасады.
Қонақтарға тренингтерден қол босағанда көңіл көтеріп, еркін демалуға да мүмкіндік бар.
Лагерьге бақылаушы ретінде арнайы шақыртумен барған BlogTime әлеуметтік блогтұғырының жетекшісі Данияр Жанысов: "Лагерде жатқан 300 адам бір аптаның ішінде қандай болып шығады? Оларға күнделікті 4-5 маман келіп дәріс оқиды. Ол мамандардың өзі Қазақстанның қаймақтары. Ол қаймақтар жастардың қаймақтарына өз білгендерін үйретіп жатса, демек жастар да бір жерді тесіп шығады. Менің көзімнің жеткені осы", – десе, "Қазақстан" телеарнасындағы "Айтуға оңай" бағдарламасының редакторы Сәкен Көкенов: "Тренинг өткіземін деп келген Петербордың бір орысы "қазақ жастарының сауаттылығы мені таң қалдырды" дейді. Шынын айтса, студенттердің түрлі тақырыптағы дискуссиялардағы белсенділігіне өзім де таң қалдым", – деп қазақ жастарының білімге құштарлығын сөз етті.
Ал Abai.kz ақпараттық порталының тілшісі Нұрғали Нұртай: "Бізді қызықтырғаны лагерьге келген жастардың айтар ойына, көзқарастарына шектеудің болмағаны, оларға партиялық идея сіңіру үшін емес, партияға жастар идеясын тарта білуі", – деп пікірін білдірді. Бақылаушы ретінде шақырылған Shyn.kz порталының редакторы Ардабек Солдатбай да жобаға оң баға берді.
Бақылаушылар тобын ұйымдастырып, бастап барған "Нұр Отан" партиясының өкілі Абылайхан Қалназаров жобаның алдағы жылдарда да жалғасын табатындығын айтты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
суреттер: ©Сәкен Көкенов, ©Жас Отан жастар қанаты, ©www.altynemel.kz
Е. Қайрахан