- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Семей – Шығыстың...
Семей – Шығыстың астанасы
Астана күні қарсаңында "еліміздің әр қаласы Астана болуға лайық" деген ой негізінде Қазақстанның атаулы қалалары жайлы жазбамызды жалғастырамыз.
Қазақстанның көне қалаларының бірі – Семей қаласының негізі сонау 1600 жылдары қаланған. Ертеректе жоңғарлар мекендеген Доржінгіт аумағында жеті қалмақ будда ғибадатханасы болған. Федор Миллер Семей өңіріне жасаған сапарында бұл ғибадатханалардың жартылай бұзылғандығы жайлы жазған. Осы жеті ғибадатхананың негізінде «Семипалатинск» атауы шыққан. Семей - Семипалатинск сөзінің фонетикалық өзгеріске ұшыраған түрі.
Шығыс аймақ пен бекіністерді жаудан қорғау мақсатымен 1718 жылы патша әскери қолбасшысы Василий Черодовойдың басшылығымен Ертіс өзенінен 18 км төмен Семипалат бекінісі салына бастайды. Қазірде Семипалат бекінісі «Ескі бекініс» деп аталып, қала тұрғындарының демалыс орны болып саналады.
Бастапқыда шекаралық және әскери-тірек мақсатында салынған бекініс дамыған сайын Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық нығайып, кейін Орта Азия мен Батыс Қытай және Ресей сауда жолына негіз болады. Осылайша халық саны да біртіндеп артып, 1782 жылы Семипалатинск қала мәртебесіне ие болады.
Қаланың өсуімен бастауыш мектептер, ал кейін басқа да оқу орындары ашыла бастайды. ХІХ ғасырдың аяғына таман қыздар және ұлдар гимназиясы болады, онда әр жылдары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев білім алған.
1858 жылы Семей облысында 261 487 адам тіркелген. 1873 жылдан Семейде телеграф, ал 1910 жылдан телефон және Қазақстандағы тұңғыш су құбыры салынады.
XIX ғасырда Семей саяси қуғын сүргінге ұшырағандардың мекені болады. Мұнда көптеген Ресей жазушылары, қоғам қайраткерлері қуғынға жіберіліп отырған. Мысалы, Семейде жазасын өтеген Е.П.Михаэлис пен Абайдың достығы жайлы көптеген жазбалар бар. Ал Ф.М.Достоевский болса өзінің үздік шығармаларын осы Семейде жазған.
1930 жылы Семейде Түркістан-Сібір теміржолы салына бастайды. Қала Шығыс Қазақстан облысының орталық қаласы болады.
1949 жылы Семей ядролық полигонында алғашқы ядролық қару-жарақтың сынағы өтеді. 1949-1989 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 456 ядролық сынақ жүргізілген, 616 ядролық және термоядролық құрылғылар жарылған, оның ішінде 30 жер үстіндегі және 86 әуе жарылыстар.
Семей ядролық полигоны тек 1991 жылы ресми жабылды. Бұл қоғам қайраткері және ақын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғалысының қысымымен іске асқандығын атап өту керек.
Қазіргі таңда қаладағы цемент зауыты, ет консервілеу комбинаты, былғары комбинаты, құрылыс материалдары зауыты, машина жасау мен танк жөндеу зауыттары ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар болып саналады.
Мұнда, негізінде жеңіл өнеркәсіп дамыған. Семей былғары-жүн комбинаты – Қазақстандағы ішік-тері бұйымдарын шығаратын басты комбинаттардың бірі.
Семей – мемлекеттің негізгі жол торабы. Оның үстімен бірнеше ірі көлік жолы, Түркістан-Сібір темір жолы өтеді. Қала аумағында Семей және Жаңа-Семей – екі теміржол бекеті бар. Сонымен қатар әуежай мен өзен порты да орналасқан.
Қаланың назар аударарлық орындарына Абайдың Республикалық әдеби-мемориал мұражайын жатқызуға болады. Ол жеті үлкен залдан және шығыс стилінде жаңадан салынған ондаған залдан тұрады. Сонымен қатар Ф.М.Достоевскийдің мұражайы, Қазақстан мен Батыс Сібір көне өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасының өнері мұражайы қаланың басты көрнекі орындары. Екі театр – Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры жұмыс істейді.
Қала Ертіс өзенінің екі жарында орын тепкендіктен, 2000 жылы екі жағалауды байланыстыратын аспалы көпір салынады. Көпір құрылысының жобасын жапондық Исакавадзима Харима Хеви Индастриз Компаниясы ұсынды. Және құрылысымен де жапондық «Аячай» фирмасы айналысты.
Биіктігі 90 метр, ені 35 метр, ұзындығы 750 метр болатын бұл көпір әлемдік деңгейге сай, ірі көпірлердің бірі болып саналады. Семейдің көркіне көрік қосып, сәулетін арттырған бұл аспалы көпір - Тәуелсіздіктің төл туындысы.
Сурет: vsemee.kz, www.train-photo.ru, yvision.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina