Қазақ тілінде сөйлеу сәнге айналса...

Қазақ тілінде сөйлеу сәнге айналса...

Тіл – ұлт тәуелсіздігінің нышаны, егемендігінің көрінісі. Қандай құдіретті ұлт болмасын, «тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады».

Қазақ десе, тұлпардың тұяғы дүбірлеген дархан дала, қонаққа төрін берген ақжарқын мінез, дос болғанға - құшақ жаяр туыс, қас қылғанға - қиып түсер қылыш, намысты ер, бұрымды бойжеткен еске түседі. Қазақ десе, тұла-бойды шымырлатқан қобыз үніндей қасиетті қоңыр тіл ойға оралады. Әр халықтың өзі ғана сезінетін салты болатыны сияқты, әр тілдің өзіне тән ырғағы, үні болады. Ана тілінде сөйлемейінше, ол тілдің жүрек үніне құлақ түру неғайбыл. Қазақ тілінің үні домбыра мен қобыздың үніндей қоңыр, жан-дүниені балқытар сұлу саз сияқты. Қазақ тілінің үні қазақтың өзі сияқты.  

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі аз қыспақ көрген жоқ. Оны қатпарлы тарих айтады. Аттың қомы, түйенің жалында күн кешкен жауынгер қазақтың осынау қиын-қыстау кезеңде тілімізді қалайша аман сақтап қала алғанына, кейінгі ұрпаққа жанын пида етсе де, қаймағын бұзбай жеткізгеніне қайран қаласың, еріксіз бас иесің.

1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР-ының Тілдер туралы заңы» қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне алғаш рет ие болды.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдың 11 шілдесінде бекітілген Тіл туралы Заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп айқын жазылды. Қазақстан Республикасының Ата Заңының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» делінген.

Содан бері Тәуелсіздік тұғырынан түспеген айбынды елімізде қазақ тілі салтанат құрып келеді.

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау» дейді Ахмет Байтұрсынов. Пушкиннің сөздік қоры 21 мың сөз, Шекспирдікі 15 мың сөз, ал Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» романында 17 мың сөз қолданған. Бұл тұрғыда қазақ тілі өз міндетін артығымен орындап тұрғанына дау жоқ.

Десе де, ана тіліміздің бүгінгі хал-ахуалы бәріне аян. Біз «Асан қайғылатпай» осы мәселені қалай шешуге болатынын таразыға тартып, саралап көруге тырысайық.

«Қазақша сөйле!» деп қазақ тілінде сөйлемейтін адамға жек көре қарау –  жауыр болған қате тәсіл.

Қазақ тілінің мүшкіл жағдайын айта беру қоғамның қазақ тіліне деген жиіркенішін туғызып, теріс көзқарас қалыптастырады. Біздің міндетіміз – қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдырып, әсіресе, жастар арасында кең қолданысқа ие болуына ықпал ету, санаға сіңіру. Өйткені – жастар егеменді елдің ертеңі.

Әркім өзінен бастау керек. Дүкенге барып азық-түлік алғанда сатушымен қазақша сөйлесіңіз. Көше атын сұраған адамға қазақ тілінде жауап беріңіз. Үйде қазақ тілін қолданыңыз. Қоғамдық қызметтерді пайдаланғанда автобус билетінің қазақша болуын талап етіңіз, банк қызметтерін, бірлік салу қызметін қазақ тілінде қолданыңыз. Ғаламтордағы парақшаларыңыз қазақ тілінде болсын.

Қоғам – адамдардың жиынтығы. «Өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, Өзіңмен алыс, өлгенше!» деп Абай айтпақшы, біреуді қазақ тілінде сөйлетем дегенше, алдымен өзіңді ана тілінде таза сөйлетіп алу тіліміздің мәртебесін өсірмесе, өшірмейтіні анық.

«Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек» деген екен Халел Досмұхамедұлы. Технология, іс-қағаздар, ғылым тілі толық қазақ тілінде сөйлеу үшін тіліміздің әлеуеті болса да, әрекеті болмай тұр. 

Тіліміз өзге тілдермен иықтаса алатындай күшке ие. Әр адам еселі еңбек етіп, бірнеше тілді қатар игеріп, бәсекеге қабілетті тұлғаға айналса, сөйте отырып, қазақ тілінде таза сөйлесе, оның тілге қосқан үлесі осы болса керек. 

Қазақтың намысы өр, Адам – аты,

Еңселі, биік арлы жамағаты.

Қазақ тілі – санамның шамшырағы,

Қазақ тілі – бабамның аманаты!

 

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: жеке мұрағаттан

М. Оңғарова