Тастағы тарихи таңбалар

Тастағы тарихи таңбалар

Осыдан бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар өз үңгірлеріне өмірдің ең басы аспектілерін таңбалап кеткен. Бұл – ең бірінші өздерінен кейінгі ұрпақ үшін жасалған әдіс. Біз осы суреттерге қарап, бұрынғы адамдардың қалай өмір сүргендігін, немен айналысқандығын біле аламыз. Мұндай суреттер әлемнің түкпір-түкпірінде бар, тіпті, қазақ даласында да тұнып тұр. Соның бірнешеуі туралы сөз қозғап көрмекпіз.

«Таңбалы тас»

Алматы қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Қопа бекетінің күншығысында «Таңбалы» тас деген жер бар. «Таңбалы тас» бірнеше жылғадан, өзектерден тұрады. Жан-жағында сайлар, күнге әбден күйген жалпақ гранит тас бар. Тастың беті толған сурет. Таутеке, бұғы, киік, шошқа, жылқы, бұқалардың кескіндері сол тасқа қашалып салынған. Қолдарына ұзын найза ұстап, белдеріне қылыш асынған, кейбіреуі желбірете ту ұстаған 22 салт атты сарбаздың суреті өте әдемі бейнеленген. Олар – VI-VII ғасырлардағы түрік жауынгерлерінің бейнесі. Археологтардың «Таңбалы тасқа» жүргізген зерттеу нәтижесінде, бұл жердің тас дәуірінде адамдардың табынатын «қасиетті мекені» болғандығы анықталған. Зерттеу барысында бес мыңдай сурет есепке алынды. Олардың салынғанына төрт мың жылдай өткен. Қазір «Таңбалы тас» ЮНЕСКО-ның қарамағына алынып, туристер келетін мекенге айналған.

Арпа өзен таңбалы тастары

Арпа өзен таңбалы тастары – қола дәуірінен сақталған (б.з.б. ІІ-І мыңжылдық) ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының Абай қыстағынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде, Қаратаудың Келіншектау деген жотасында орналасқан. Мұндағы суреттердің жалпы саны – 3500. Жартасқа салынған ат, өгіз және түйе жегілген жауынгерлік қос аяқты арбалар ертедегі үнді-арийліктердің әдет-ғұрыптарынан хабар береді. Сонымен қатар, жыл мезгілдерінің ауысуы сияқты табиғи құбылыстар да айқын аңғарылады.

Баянжүрек суреттері

Баянжүрек суреттері – Алматы облысындағы Ақсу ауданының Қапал ауылынан шығысқа қарай 25 шақырым жерде, Жетісу, Алатау сілеміндегі Баянжүрек тауында сақталған жартастағы суреттер. Олар құрамы мен мазмұны жағынан алуан түрлі. Суреттердің арасында қола дәуіріне жататын басын жан-жағына шашырай тараған, 7 сәуле көмкерген екі ғажайып бейне бар. Баянжүрек суреттерінің ішінен сақ және ғұн-сармат кезеңіне жататын көріністер де кездеседі. Жартастағы суреттердің көпшілігі, негізінен, салт атты сарбаздар бейнесінде берілген ежелгі түрік дәуірін сипаттайды.

Ақбауыр үңгірі

Ақбауыр үңгірі – қола дәуірінен сақталған ескерткіш. Суретті үңгір Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде, Ақбауыр тауының етегінен табылған. Ақбауыр үңгірі таудың етегінен 5-6 метр биіктікте орналасқан. Оның алдындағы алаңда діни жиындар, құрбандық шалу т.б. рәсімдері өткізілген. Үңгір қабырғасында қызыл күрең түсті охрамен б.з.б. ІІІ мыңжылдықтың басында салынған суреттер бар. Негізінен, қос аяқты арба, өгіз, таутеке т.б. суреттері бедерленген. Олардың айналасында әртүрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар бейнеленген. Бұл суреттер жердің құнарлы болуын, мал-жанның өсіп-өнуін білдіреді.

Қапшағай таңбалы тасы

Қапшағай таңбалы тасы –  Алматы қаласынан солтүстікке қарай 100 шақырым жердегі Іле арнасының жарқабағындағы суреттер мен жазулар. Б.з.б. ІІ ғасыр мен б.з. ХІІІ ғасырлары аралығында ойып салынған. Жарқабақтағы бір-біріне жалғасқан, бірінің үстіне бірі баса орналасқан тастардың он сегізінде жазу бар. Олардың негізгі бөлігі – ежелгі тибет жазуы түріндегі дұғалар мен ежелгі түркі әліпбиімен жазылған моңғол тіліндегі жазулар. Мұндағы ежелгі түркі жазбалары әлі оқылып болған жоқ. Қапшағай таңбалы тасы ескерткішінің ең белгілісі – Үш Бурхан суреті.

Қаратау шимайлы тастары

Қаратау шимайлы тастары – Қаратау аймағындағы  қола дәуірі мен орта ғасыр аралығындағы тастарға қашалған суреттер. Мұндай тастар Қаратаудың Қойбағар, Арпаөзен, Майдамтал, Үлкентұра, Қысан, Жыңғылшақ, Ақсу-Жабағылы, Қошқарата, Сүйіндіксай т.б. шатқалдары мен сайларында көптеп ұшырасады. Жалпы суреттер саны – бірнеше мың. Олар тік, қия жартастар мен ірілі-ұсақты қойтастарға қашап салынған. Қаратау шимайлы тастарында аңдар мен хайуанаттардың нобайлары, байлық пен күштің нышанын білдіретін түйе кескіні, аңшылық көріністері, батырлар жекпе-жегі орын алған. Арбаларға жегілген аттар, түйелер сирек ұшырасады.

Қойбағар таңбалы тасы

Қойбағар таңбалы тасы – Оңтүстік Қаратаудағы тасқа қашалған суреттер. Қойбағар суреттері Шымкент облысындағы Созақ ауданы, Сызған кеңшарының оңтүстік-батыс жағында Қаратау сілемдерінде (теңіз деңгейінен 700 метр биіктікте) орналасқан. Суреттердің көп бөлігі қойтастарға салынған. Қойбағарда 1200-ден астам суретті қойтас бар. Ондағы суреттер саны 3045-ке жетеді. Негізінен жабайы аңдар мен жылқылар, арқар, таутеке, адамның жабайы бұқаға, ешкіге аңшылығы, бір топ иттің ешкілерге шабуылы бейнеленген. Суреттердің кейбіреуі көлемі жағынан тіпті үлкен болып келеді. Мысалы, кейбір түйе суреттерінің ұзындығы 1-2 метрге жетеді. Бір қызығы – түйелердің бір-біріне байланып жүгіріп келе жатқан суреттері. Қойбағарда көбірек кездесетін суреттер тобына арба дөңгелектері жатады. Ондағы дөңгелектер саны кейде екеу, кейде төртеу болып келеді.

Ескерту: Барлық сурет "Таңбалы таста" түсірілген

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Ардақ Құлтай