- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Массагет – Түркістан...
Массагет – Түркістан сапары
Сәуір айының басында Түркістан қаласына, сондағы тарихи мекендерге, қасиетті орындарға жолымыз түсті. Мағжан Жұмабаев:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой» деп жырлайды. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Түркістанның көктеміне, мұнартқан жазық даланың кейпіне тіптен әр қоса түседі.
«Күндерде сонау – қара, тапсырған ел,
Тағдырын Абылайдай данасына.
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың,
Қылсаң да аз қанша тәуеп моласына» деп Мағжан ақын айтпақшы, мыңжылдықтардың сырлы құпиясын ішіне бүгіп, ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары болып бой созып тұрған кесене ішіне Есім хан, Абылай хан сынды қазақ хандары жерленген.
Ұзындығы 65 метр, ені 46,5 метр кесене орасан үлкен бірнеше портал мен бірнеше күмбезден тұрады. Орталыққа тұтасып жататын түрлі мақсаттарда салынған 35 бөлме бар. Дуалдың қалауы бітпей қалған сәулетті ғимарат Әмір Темір тұсында басталып, 1593-1598 жылдары Бұхарды билеген ІІ Абдолла хан тұсында аяқталады. Сол замандардағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер кесененің маңдай тұсынан осы күнге дейін көрініп тұр.
Ахмет Ясауи кесенесіне қазақ хандарының зираттары (Есім, Абылай хандар XVI -XVII ғ.ғ.), ортағасырлық «Шығыс моншасы» 16 ғасыр (монша 1975 жылға дейін жұмыс істеді), жерасты мешіті (қылует халық арасында кең тараған Ахмет Ясауи 63 жасқа келген соң Мұхаммедтен артық өмір сүру күнә деген оймен өмірінің қалған жылдарын осы жерастында өткізген көрінеді. Ол осында отырып бүкіл мұсылман әлеміне белгілі өлеңдер жинағы «Хикметтерін» жазады), шілдехана, белгісіз мазар, Гауһар ана, Айқожа ата мазары, т.б. ескерткіштер кіреді.
Тарихшылар: «Жазба мәліметтерге сүйенсек, көне Ясыда, қазіргі кесене тұрған орында, мұсылманның атақты әулиелерінің бірі шайқы Ахмет қабіріне ХІІ ғасырдың өзінде-ақ шағын мазар орнатылғаны белгілі. Кейін бұл мазар мұсылмандардың жаппай тәубе ету орнына айналды. 1390-1395 жылдардағы қантөгіс ұрыстарда Әмір Темір Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы Сарай Беркені өртеп жібереді. Міне, осы жеңістің құрметіне Ахмет Ясауидің ескі мазарының орнына жаңа зор мемориалды ескерткіш орнатуды ұйғарды. Осы тұрғыда Темір тек діни мақсат-мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның беделін көтеруге, үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге және дала жақ сыртының сенімді болуы үшін де қажет еді», – деген пікір айтады.
Назарларыңызда сапар барысынан фоторепортаж:
Кесене маңында Саттар Ерубаев музейі бар
Автор: Мейіржан Әуелханұлы
Суреттерді түсірген автор
M. Auelkhan