Электронды әліппе ұрпаққа ұлттық сананы сіңіреді

Электронды әліппе ұрпаққа ұлттық сананы сіңіреді

Естеріңізде болса, Massaget.kz осыған дейін "Электронды қазақ үйдің" шығарылатыны жайлы хабарлаған болатын.

Биылғы жылдың 10 сәуірінде, яғни, ертең Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы шығарылатын «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үй» және басқа да интерактивті өнімдердің тұсаукесер рәсімін өткізеді.

Шараға Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, филолог-ғалымдар, елімізге танымал қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және оқырман қауым қатысады.

Шара аясында барлық шығарылған өнімнің көрмесі ұйымдастырылады.

Тұсаукесердің ішінде «Ұлас-Электрон» ЖШС-ның алғашқы өнімі «Электронды қазақ үй» жобасы да бар. Ол – иісі қазақтың игілігіне жарайтын таңдаулы заманауи тәрбие құралы. Киелі Қазақ үйдің кішірейтілген нұсқасына бесік жыры, ертегілер, балалар әндері, халық және халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың 45 қара сөзін қамтыған 1200 мазмұн енгізілген. Ол – бабаларымыздың бізге жеткен бай рухани мұраларын бүгінгі және келешек ұрпаққа жалғайтын дәстүрлі үлгідегі заманауи электронды құрал. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, дәстүрлі дүниетанымымыз бен музыкалық мұрамыздың жауһарларын жалпақ жұртқа насихаттайтын ұлттық өнімнің тәрбиелік, тағылымдық қызметі басым, сапасы жоғары деңгейде, мазмұны бай, әр саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби, майталман мамандардың кеңесі негізінде дайындалған. Ол әр қазақтың тілдік, сөздік қорын молайтып, ұлттық музыкаға деген ықыласын арттырып, рухын көтеріп, танымын кеңейтеді. Рухани байлығымызға деген азаматтық құрметімізді жаңа сатыға көтереді.

Аталған өнімдер туралы зиялы қауым өкілдерінің пікірі:

Тұрсынбек Кәкішұлы: "Елге жаңалықтар көптеп келіп жатыр ғой. Ал мынау Электронды аппараттарды қолдану әуелі сәнге, енді мәңгүрттенуге бастап келе жатқан сияқты. Кітапты да осыдан оқиды, рухани тәрбиені де осыдан алатын ұрпақ өсіп келе жатқан сияқты. Бұл заманның салмағы, әсері.

Ал «Қазақ боламын» деген ұрпақ өзінің тілін, фольклорын білмей, әдебиеттерін оқымай, мәдениетін қадірлемей еш уақытта көздеген мақсаттарына жете алмайды. Мына ертегілер мен жырлар қазақтың жас ұрпағын ұлттық дәстүр жолына түсіретін қасиетті ізденіс болса екен деген тілегім бар."

Мырзатай Жолдасбек: "Тәуелсіздік алдық, арманға жеттік! Заман өзгерді, қоғам өзгерді, адам өзгерді. Ендігі жерде жас ұрпақты – келешекті ұлтымыздың сан жылғы қалыптасқан асыл дәстүрінде тәрбиелеу керек. Халқымыздың ертегі-жырларын, ән-күйін, мақал-мәтелін ұрпақ санасына сіңіру керек. Сонда ғана Отанын, елін сүйген отаншыл ұрпақ өседі.

Осы бағытта «Ұлас - Электрон» серіктестігі ұжымының жасап жүрген жұмысы жан-жақты қолдауға әбден лайық.

Іске сәт!"

Асқар Оразақын: "Өн-бойынан күй шертіліп, ән айтылып қана қоймай, түрлі ертегі, аңыз-әңгімелер айтатын ерекше қазақ үй тіпті тамаша жаңалық екен, оны бір көрген бала қызыға түседі, одан тәлім-тәрбие алып, үнемі бірге болуға тырысады.

Болашағы зор, елге керек өте қызықты құрал екен. Бұл ақбоз үйге даңғыл ақ жол тілеймін!"

Нұрғали Нүсіпжан: "Бүгінгі заман талабына негізделген, «Ұлас - Электрон» серіктестігі бастап жатқан шаруа бала тәрбиесіне өте қажет және дер кезінде қолға алынып жатқан игілікті бастама деп білемін.

Болашағына жаны ашитын әрбір ел азаматы осы бауырларымызға қол ұшын беруге міндетті деп ойлаймын."

Жүрсін Ерман: "Қазақ қоғамының болашағы бүгінгі балаларда. Солардың санасына ұлттық рухты сіңіре алсақ қана елдің ертеңіне алаң болмаймыз. Есті ертегі, терең терме, құдіретті күй, әдемі ән, жауһар жыр жас қауымды ұлт бесігінде тербеп өсірсе, келешек қауым аталар мен бабалардың айнымас мұрагері болатыны ақиқат.

Бұл жобаның ұлы мақсаты осы екен. Іске сәт!"

 

 

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Мәдениет министрлігі баспасөз қызметі

M. Auelkhan