Шырша жағуға келіңіз!

Шырша жағуға келіңіз!

Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан "Шырша жағу мерекесі" биыл да желтоқсан айының бірінші жұлдызына жоспарланып отыр. Іс-шара 2012 жылы Абай алаңында өткізілсе, биыл 19.00-де Тәуелсіздік алаңындағы "Алмалы" ойын-сауық орталығының аймағында ұйымдастырылатын болады.

Тұңғыш Президент күніне тура келетін салтанатты мерекеге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысады.

Биіктігі 18 метрді құрайтын шырша ойын-сауық орталығының қақ ортасындағы әйнекті күмбездің алдына орнатылады. Күмбездің жанынан арнайы тапсырыспен жасатылған еуропалық стильдегі 16 жаңа жылдық үйшіктерді көре аласыздар. Ал шыршаны үш мыңнан астам ойыншық безендіретін болады.

Сондай-ақ, "Алмалы" ғимаратының аймағында жаңа жылдық жәрмеңке ашылады, сіздер бұл жерден ойыншықтар мен естелік заттарды сатып аласыздар.

Мерекенің ең қызықты сәті шырша жағылғаннан кейінгі уақытқа жоспарланған. Жиналған қауым шыршаны салтанатты түрде жағып болысымен, Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған 3D-mapping шоуды тамашалай алады. Оның ұйымдастырушылары – Венгриядан шақырылған шеберлер. Олар Мәскеуде, Токиода өткен 3D-mapping шоуға байланысты байқаулардың жеңімпаздары екен. Кеш соңында X-factor жобасының қатысушылары концерт қоятын болады.

Айта кетейік, осы сәтте Алматы қаласында тағы да жеті шырша жағылады.

Биылғы жылдың тағы да бір жаңалығы – қазақстандық балаларға Санта-Клаусқа хат жіберу мүмкіндігі беріліп отыр. Алматы қаласындағы пошта бөлімі 20 қарашадан 11 желтоқсанға дейін жұмыс істейтін болады. Ол үшін бала Сантаға сәлем беріп, өзі туралы қысқаша айтуы керек, содан кейін жылдың қалай өткендігі туралы баяндап, сыйлық сұрауға болады.

Ал Сантаның Леви шипажайындағы Жаңа жыл мерекесіне қатысуға ниет білдіретін балалар Алматыдан шығатын рейстер арқылы бара алады. 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: yvision.kz,vesti.kz