- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстандағы қала атаулары...
Қазақстандағы қала атаулары не білдіреді? – 2
Қазақстан қала атауларының шығу тарихы мен мағынасын зерттеуді одан әрі жалғастырамыз. Алдыңғы мақалада Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз, Павлодар, Өскемен, Семей, Орал, Қостанай қалаларының топонимдерін білсек, осы жолы еліміздің басқа да ірі қалаларының атаулары мен олардың шығу тарихын, мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Петропавл – қаланың іргесі 1752 жылы патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатына сәйкес Петр І-дің әскери бекінісі ретінде қаланған. Ол әскери бекініске христиандық танымдағы әулие Петр мен Павелдің есімі беріледі. 1804 жылы жүргізілген әкімшілік реформа бұл бекіністі империяның қала мәртебесіне жеткізеді, ал қала Петропавл деп аталып кетеді.
Қызылорда – Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818 жылы, Перовск – 1853 жылы, қайтадан Ақмешіт – 1922 жылы, Қызылорда – 1925 жылы), әр кезеңде Сыр бойы атырабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты. Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып, орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанып, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасына айналды. 1925 жылы қалаға Қызылорда аты беріледі. Яғни, Кеңестік қызыл империяның ордасы деген мағынада.
Қызылорда қаласындағы мешіт
Атырау – Қала жеріндегі белгілі тұңғыш тұрақты қоныс қазіргі «Орбита» стансасы қасындағы Алтын Орда кезеңіндегі болған Лаэти асары. Ноғай Ордасы кезеңінде балықшылардың тұрақты Үйшік қонысы Жайық өзені сағасында орналасқан. Казак-орыстар жаулап ала бастағанда 1640 ж. Яицкий городок аталған қалашық салынған. Жайықтың жоғарысында Верхний Яицкий городок (қазіргі Орал қаласы) деген қалашық салынғасын, Нижний Яицкий городок деп аталып кеткен, соңынан ол Усть-Яицкий городок болып өзгертілді. Ресей ханшайымы Екатерина II Яик өзенін (Жайықтың орысша атауы) Урал деп атауын жарлығымен бекіткенде, қаланың атауы Гурьев городок, Гурьев деп өзгертілген. 1920 жж. қысқа уақытқа большевиктер Гурьевті Чапаев деп қайта атаған. 1992 ж. бері қала атауы — Атырау. Бұрын Атырау деп Махамбет ауданындағы топырақтар аталған. «Атырау» деген сөздің негізгі мағынасы: өзен сағасы тармаққа бөлінгені; сумен, топырақпен қоршалған жер алқабы; арал.
Ақтау – қаланың аты өзі орналасқан теңіз мүйісінің ақ бордан тұрып (картада Меловой мүйісі делінген) теңіз жақтан қарағанда, биік ақ тау сияқты болып көрінуіне байланысты делінеді. 1959 жылы осы жерде ескі балықшылар жұртының орнында елді мекен салынып, кейін Ақтау деген қалаға айналды. XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне 1964-1991 жылдары Шевченко қаласы деп аталды.
Ақтау қаласы орналасқан жер
Теміртау қаласының тарихы 1905 жылдары Нұра өзенінің сол жағалауына Самарадан жіберілген крестьяндардың қоныс тебуінен басталады. 40 шақты үйден құрылған ауыл басында Жауыр деп аталып, кейін Самарқанд деген атау алады. Ал Теміртау аталуының себебі, 1943 жылы бұл аймаққа Қазақ металлургиялық зауыты салына бастайды. Осыған орай, 1945 жылы 1 қазанда Теміртау деген атау беріледі.
Түркістан қаласы ежелгі Самарқанд, Бұқара және Хива қалаларынан шыққан керуендердің солтүстікте тоғысатын жерінде б.з.д. 500 жылдары пайда болған. Х ғасырда қала Шавғар деп аталып, ал ХІІ ғасырдан Ясы деген атау алады. «Түркістан» атауы жазба дерек мәліметтерде VІІІ-ІХ ғасырлардан бастап кездесе бастайды, парсы тілінде «Түркілер елі» деген мағынаны береді. Алғаш рет бұл атауды VІІ-ІХ ғасырларда араб-парсы тарихшылары қолданды да, оған барлық түркі тілдес тайпалардың мекендеген жерін жатқызады. Тарихшы, әрі географ ал-Якуби «Китаб ал-булдан» атты шығармасының бір тарауын «Түркістан» деп атап: «Барлық түркі елдері Хорасан мен және Седжестанмен шектеседі. Ал Түркістанда түркілер бірнеше елге, тайпаға бөлінеді», дей келе, түркі тайпаларының атауларын жазады. Осылайша, Түркістан атауы ІХ-Х ғасырлардан бастап этно-географиялық мәнге ие болып, кең түрде қолданыла бастайды. XVI-XVII ғ.ғ. Ясы-Түркістан Қазақ хандығының саяси, экономикалық және мәдени орталығы болған.
Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мазары
Көкшетау – қазіргі қала орналасқан аумаққа жергілікті халық ежелгі замандарда-ақ қоныс салып, қорғандар тұрғызған. Көкшетау өңіріне халық ежелгі заманда-ақ қоныстана бастаған. Орталық бөлігінде Көкшетау қыраты орналасқан. «Көкше» - түрік тілінде өсімдік аты. Көкшенің қалың жері. Немесе бұл сөздің мәнін, екі түрлі концепциядан қарауға болады: 1) «көкшелі тау»; 2) қазақтың осы тауды жайлаған (не қыстаған) ескі ру тобының (Көкшенің) атымен байланысты.
Талдықорған – 1869 жылы Талдықорған қыстауының орнына Гавриловка селосы бой көтерді. 1921 жылы Қапал уезінің орталығы болып, Гавриловка Талдықорған деген атау аталады. Талдықорған деген атау – талды төбе, дөң деген қос сөзден шыққан.
Жезқазған – қала болып, 1954 жылы құрылған. Бұл аймақ мыс кеніне бай екендігін орыс саяхатшылары ертеден жаза бастаған. Ал 1847 жылы орыс өнеркәсіпшісі Н. Ушаков мыс кен орнын ресми тіркетті. Қазақ жеріндегі түсті металлургияның ірі орталығы болып келгендіктен, қалаға Жезқазған атауы берілген. "Жез" сөзі металды білдірсе, "қазған" сөзі етістікке есімшенің өткен шақтық -ған жұрнағы жалғану іс-әрекеттің болғандығын баяндайды.
Оқи отырыңыз:
Қазақстандағы қала атаулары не білдіреді? – 3
Суреттер: ihsantechnogaz.kz, arc.mangystau.gov.kz, news.nur.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina