Massaget.kz ҚазҰУ-дың журфагында қонақта болды

Massaget.kz ҚазҰУ-дың журфагында қонақта болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Massaget.kz порталының қызметкерлерімен кездесу болып өтті. Кездесу факультеттің 1 курс студенттерімен семинар сабақ түрінде ұйымдастырылды. Кездесуге Массагеттің журфак студенттерінен басқа да қолданушылары келді. Кездесу кеші мемлекеттік әнұранымызбен басталды. Жиынды аталған факультеттің оқытушысы, кешті ұйымдастырушы Ай-керім Әлімжан ашып берді. Кіріспе сөзден соң, сайт редакторы Мейіргүл Оңғарова сайттың құрылу тарихы, статистикасы, бағыты жөніндегі слайдпен таныстырды.

Massaget.kz сайтындағы "Бірге аударайық" айдары бойынша корей тілінен аударылатын әндер, фильмдер туралы сайт контент-менеджері Анар Мұстафина әңгімелеп берсе, “Бастаңғы” айдары туралы сол айдардың контент-менеджері Сәния Аринова кеңірек айтып өтті.

Massaget.kz сайтында белсенділік танытып, өз блогтарын жариялап жүрген факультеттің студенттері туралы слайд көрсетіліп, сайт атынан сыйлықтар табысталды.

Сайт тілшілеріне түрлі сұрақтар қойылып, өз кезегінде сайттың жоба менеджері Болат Қосмағамбет сайттың болашақтағы жоспары мен көзделіп отырған міндеттерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, сайттың ұлттық идеологиядағы, рухани құндылықтарды насихаттаудағы жұмыстары, жұлдызды блогқа қойылатын шарттар жөнінде пікірлер айтылды.

Жиында “Блог деген не? Блоггер дегеніміз кім?” деген сұрақтарға жауап іздеген арнайы бейнеролик көрсетілді. Сайт редакторы Ардақ Құлтай аталған тақырып аясында өз пікірін білдіріп, студенттерге блиц-сұрақтар қойып, ойын ұйымдастырды. Дұрыс жауап берген студенттерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Кеш ұйымдастырушы Ай-керім Әлімжан қорытынды сөзінде, Massaget.kz сайтының қызметкерлерін журналистика факультеті деканының қолы қойылған сертификаттармен марапаттады. Massaget.kz те өз тарапынан Ай-керім Әлімжанға естелік сыйлықтар табыс етіп, кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. 

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап