- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "СТВ" арнасында жаңа...
"СТВ" арнасында жаңа жобаның тұсауы кесіледі
Маусым айының 28 жұлдызында сағат 21:30-да «СТВ» телеарнасында «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты жаңа жоба эфирге шығады. Әр апта сайын көрермен назарына ұсыналатын бағдарламада қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жайлы сөз қозғалмақ.
Ескіден келе жатқан салт-дәстүрлер әр халықтың болмыс бейнесі. Әр салттың тағылымды тарихы, тәрбиелік мәнділігі бүгінде де өз құндылығын жоғалтпай, күнделікті өмірде пайдаланып келеді.
Бағдарламаның басты мақсаты – қалың көрермен қауымын еліміздің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің қыр-сырымен, олардың шығу тарихымен таныстыру. Әр бағдарлама отандық өнерпаздардың авторлық шығармалары мен жаңа бағытта әрленген халық ән-күйлермен көркемделеді. Сондай-ақ, жоба авторлары ұмыт бола бастаған немесе еліміздің кейбір аймақтарында ғана сақталған әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттап, оларды қайта жаңғыртпақ ниетте.
Жоба авторларының пікірінше, бүгінде талғамы жоғары жастардың ата-баба дәстүріне деген құрметі мен қызығушылығы ерекше. Жас ұрпақ ұлттық мәдениеттің нәрімен сусындауға асық. Бабалар мұрасын сақтауға ұмтылып, оны келер ұрпаққа тапсыру қамын қамдауда. Ал қазыналы қарттарымыз жас ұрпаққа тағылымды нақылдарын айтып, өнеге-үлгі көрсетіп, жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулып келеді.
Мағауия Уморбеков, СТВ телеарнасының бас продюсері:
«Әрбіріміз шыққан тегімізді тілге тиек етіп, ұлтымыздың болмысы мен тарихы жайлы мақтанышпен айтамыз. Көпшілік қауым кейбір дәстүрлерді сақтай отырып, өткенді ұмытпадық, түп тамырымызды білеміз деп ойлайды. Алайда, көптеген салт-дәстүріміз назардан тыс қалып, ұмыт қалды. Осы орайда біз не үшін мақтанамыз деген ой туады. Мұны да мойындай білу керек. Өз дәстүріміздің мәнін түсінбей, оның рухани құндылығына назар аудармай, ол туралы білуге, тіпті, айтуға ұялған кездерді басымыздан өткердік. Бірақ, барлығын қайта жаңғырту өз қолымызда. Әр салтты қайта жаңғыртып, сақтай отырып, өз мәдениетіміз бен тарихымыздың өрлеуіне, жаңадан дамуына ықпал ете аламыз. Бұл арқылы өз ұлтымызды, болмысымызды және рухани құндылығымызды сақтаймыз».
Жаңа жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің ақпараттар мен мұрағаттар комитетінің қолдауымен жүзеге асады. Жобаның жарыққа шығуына телевизия саласының мамандарымен қатар, елімізге белгілі этнографтар, ғалымдар, тарихшылар, өнертанушылар және өзге де майталмандар ат салысады.
М. Оңғарова