Махаббат сауалнамасы. 4-бөлім

Махаббат сауалнамасы. 4-бөлім

Бірінші бөлім

Екінші бөлім

Үшінші бөлім 

1-сұрақ. «15 сәуір – Ғашықтар күні. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» мерекесі жайлы не ойлайсыз?

2-сұрақ. Бала махаббатыңызды қай кезде кездестіріп едіңіз? Есімі есіңізде ме?

3-сұрақ. Романтикалық іс-әрекеттерге көзқарасыңыз. Дұрыс па, бұрыс па? Өз пейіліңізді білдіру мақсатында романтикалық іс-әрекеттер жасадыңыз ба? Әлде сізге тосын сый жасаған кездер болды ма?

"Art-Dala" тобының мүшесі Дариға Қабдырова


  1. Өзге елде осындай күн, осындай мереке бар екен ғой деп «Ғашықтар күнін» атап өту дұрыс емес деп ойлаймын. Менің ойымша, адам баласының әрбір күні махаббатқа, шынайы сезімге толы болуы керек. Әр күн бір-біріне ынтызар жандар өз сезімдерін білдіріп, сүйіктісін аялай білуі қажет. Тұрмысқа шықпас бұрын мен «ашық хаттар алу қандай керемет», «махаббат мерекесін тойлау керек» деген пікірде болдым. Ал қазір мен бұл ойымды түбегейлі өзгерттім. Сүйікті адамыңмен әр таңды бірге қарсы алып, шаттық пен қуанышқа бөленгенге не жетсін?! Сондықтан да белгілі бір ғана күн емес, жылдың әр күні махаббат мерекесі болуы керек деген ойдамын.
  2. Әрине, алғашқы махаббат сезімін бастан кешірдім. Бала махаббат шынайы пәк сезімдерге толы болды. Ол жан әрқашанда менің көңілімді тауып жүретін. Жылдың кез келген уақытында, қандай ауа-райы болмасын екеуміз қол ұстасып саябақтарда серуендейтінбіз. Бір сөзбен айтқанда бала махаббатым романтикаға толы болды.
  3. Шыны керек, менің өмірімдегі кейбір сәттер тура кинодағы кадрлар іспетті. Мен 101 раушан гүл шоғын, бағалы әшекейлер, асыл тастарға толы жүзіктер сияқты қымбат сыйлықтарды алып жүрдім. Алайда, бұл сыйлардың ішіндегі жолдасымның үйлену туралы ұсыныс жасаған кездегі тосын сыйы мен үшін ең қымбат әрі ерекше. Менің ойымша, шын ниетпен жасалынған романтикалық іс-әрекеттер ешқашан да ұмытылмайды. 

"Парасат" тобының әншісі Фархат Кубиев


  1. Шығу тарихы күмәнді Әулие Валентин сияқты мерекені атап өткенше, өз мерекеміздің болғаны дұрыс қой. Бір жағынан өзгелерге еліктеп бізде де ғашықтар күні болу керек деп ойлау дұрыс емес сияқты болып көрінгенімен, өзіміздің «Ғашықтар күні» болуына қарсы емеспін. Өйткені, махаббатын, сезімін білдіре алмай жүрген жандарға бұл күн үлкен септігін тигізеді деген ойдамын. Екіншіден, күнделікті тіршілікпен жақындарымызға деген сүйіспеншілікті білдіруді ұмытып кетіп жатамыз. Осындайда бұл күннің қажеті болады деген ойдамын. Негізі, өзім қандай да болмасын мерекелер көп болса екен деймін.
  2. Алғашқы махаббатым есімде. 4-5 сыныпта оқиытн кезім болу керек. Армида деген қызға ғашық болдым. Екеуміз мектепте бірге оқып жүрдік. Сабақтан кейін үнемі үйге бірге қайтатынбыз.
  3. Өнер адамы болғасын романтикаға жақын боламыз. Романтикалық іс-әрекеттерге оң көзбен қараймын.  Алайда, романтик бола тұра, осы күнге дейін сүйіктіме есте қаларлықтай романтикалық іс-әрекет жасаған жоқпын. Болашақта жасау ойда бар дүние.
Ғ. Ұзақ