Әйкерім Қалаубаева - Спорт

"Рио 2016" деген атпен танымал болған Бразилия еліндегі жазғы олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Бабы мен бағы қатар жанған спортшылар әртүрлі медальдарға иелік етіп, жеңілгендері әттеген-ай деп Отандарына қарай оралып жатты. Аталған жарысқа ел намысын қорғау үшін біздің елдің де саңылақтары барып, өз бақтарын сынаған. 3 алтын 5 күміс 9 қола медальді қанжығаға байлаған отандастарымыз, жалпы есепте 22-ші орынмен жарысты аяқтады. Мыңдаған жанкүйер мәңгілік жаз атанған Бразилия еліне барып спортшыларымызға жанкүйер болса, миллиондаған адам көк жәшіктен тамашалап еліміздің әрбір спортшысымен бірге жүрегі дүрсілдеді. Осы тарапта әншілеріміз де шама келгенше желілеріне жариялап, өздерінің жанкүйер екенін еске салып отырды. Ал, көңілді әндерімен көпшілікке танымал болған Әйкерім Қалаубаева болса "Спорт" деп, жан баласына сергектік сыйлар жаңа ән мен тамаша бейнебаян шығарған екен. Өткен олимпиадалардың озаттары мен кешегі доданың мықтыларын өз бейнеклипіне үйлестірген жұлдыздың еңбегін тамашалаңыздар.