Сайт беделін көтерудің 100 амалы #1

Сайт беделін көтерудің 100 амалы #1

"Сайт рейтингісінің жоғары болуы не үшін керек?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер сіз белгілі бір ғаламтор жобасын бастасаңыз, онда өз сайтыңызға көп адамның кіруін, рейтингісінің жоғары болуын қалайсыз. Рейтингінің жоғары болуы сізге кіріс көзін тауып беруі мүмкін. Нақты айтар болсақ, ақша табасыз, ауқымды аудиторияға белгілі бір көзқарасты насихаттауға болады, адамдар ортасындағы байланысқа себепкер боласыз және т.б. нұсқалары бар.

Біз айтпақшы болып отырған 100 түрлі амалдың кейбірі сіздің сайтыңызға үйлеспей қалуы, қолдану мүмкіндігі жоқ болуы мүмкін, бірақ, осы кеңестердің басым көпшілігін істесеңіз, сайтыңызда міндетті түрде өзгеріс болады. Сайт (блог) контентін көшіріп сала бермей, әрине.


Блог 

1. Егер сіздің сайтыңыз белгілі бір компания не дүкеннің тұрақты сайты болса (көп жаңаланбайтын, мәліметтері өзгермейтін), онда бұл сайт субдоменмен немесе қосымша айдармен блог ретінде жаңартып отыру керек. Тұрақты мерзім қойып жаңалап отырудың да маңызы зор, тұрақты кілтсөздермен сайтқа жанамалай блог жүргізіп отыру іздеу жүйелерінің назарын аудартуға септігін тигізеді.
2. Танымал сайттарға (блогтарға) пікір жазу. Сайтты жаңадан бастап жатсаңыз, сіздегі жақсы материалдарды ешкім білмеуі мүмкін. Сіз басқа сайттардың жазбаларына пікір жазасыз, пікірдің ішіне өз жазбаңыздың сілтемесін беріп кетесіз. Оқырман белгілі бір сілтемеге әлеуметтік желі арқылы емес, өзгелердің ұсынысы арқылы өту сенімді деп қарайды. Есіңізде болсын, өз жазбаңызды келсе-келмей тықпалауға болмайды (спам деп қабылдауы да мүмкін), ретін тауып, пікір жазбақшы болған жазбаның мазмұнымен бірлестіре отырып жазу керек.
3. Оқырманның жазба қосуына мүмкіндік беру. Сайтыңызды блогтұғыр ретінде ашсаңыз бұл функцияның болуы міндетті түрде, ал қарапайым жаңалықтар немесе салалық сайт болса, онда осы салаға байланысты оқырман жазбасын жариялауға мүмкіндік беретін бұрыш сізде болуы керек. Бір автор сайтыңызға кем дегенде 5 оқырман сыйлай алады. Авторлардың танымалдығы артса, онда сіздің сайтыңыздың да рейтингісі жоғарылай береді.
4. Түрлі шараларға демеушілік жасау. Сіздің сайтыңызда немесе сізде қаржылай демеушілік жасау мүмкіндігі жоқ болар, бірақ осындай шараларға ақпараттық қолдау жасай аласыз. Осы шаралардың түрлі баннерлерінде сіздің логотипіңіз бен сайт сілтемесі тұрса, ол да халықтың көзін үйрете беруге септігін тигізеді.
5. Блогшылармен басқосу. Сайт админі ретінде бір жерге тығылып алып материал жаза беру, оны әр жерге тықпалай беру жараспайды. Блогшылар немесе сайт админдері бас қосқан жерден қалмаңыз, ғаламтор тақырыбындағы жиындарға да қатысып тұрыңыз. Әрі осы шаралар туралы жазыңыз және әрбір блогшының, сайттың сілтемесін қойыңыз, сонда ғана өзара сілтеме алмастыру арқылы сайтыңызды іздеу жүйелеріне сенімді ресурс ретінде таныта аласыз.
6. Сайттар арасындағы достық. Қазақта «артқан түйеңнен, сүйенген иең күшті болсын» деген сөз бар. Бұл сөзді сайтқа да қолдануға болады. Сайткерлермен жақын дос-жаран болып қолтықтаса жүріңіз. Сонда ғана олар сіздің сайтыңызды өз парақшасына іліп қоюы мүмкін. Әрине, сіз де қарап жатпайсыз, олардың сайтын бас бетке ілесіз.


Жазылу


7. RSS жазылу сілтемесін ашық жариялаңыз. Егер біреу сіздің RSS сілтемеңізді сайтына қойса, ғаламтор парақшаңыз жаңарған сайын ондағы RSS сілтемесі де автоматты түрде жаңарып тұрады. Осы арқылы өзге парақшалардың оқырмандары сіздің сайтқа өтіп кете береді.
8. Feedburner-ды қолдану. Әрине бұл күнде Feedburner жүйесін көп адам пайдаланбауы мүмкін, бірақ, тегін дүниені пайдаланбай қоя салу осы жүйені қолданатын оқырманды жоғалту деген сөз.
9. Пошта арқылы жазылу. RSS-ті пайдаланбайтын қолданушылар Feedburner жүйесінің пошта арқылы жазылу функциясын қолдануы мүмкін. Егер сіз сапалы, пайдалы, қызықты жазба ұсынып жатсаңыз, оқырман жазылып-ақ оқи беруге пейіл.
10. Email Newsletter құрыңыз. Email Newsletter деген не? Email Newsletter дегеніміз сайтыңызға тіркелген қолданушылардың поштасына сайттағы жазбалардың қысқаша мазмұнын ұсыну. Мұнда да өз тауарыңызды жөнсіз тықпалай беруден аулақ болу керек. Адамдарға керек-ау, осыны жұрт іздейді-ау деген сапалы, керекті дүниелерді ұсыну керек. Сізден барған хаттардың спам жәшігіне кіріп кетпеуін да қадағалаңыз. Бүгінде Email Marketing деп аталатын сала өз алдына маркетинг саласы болып қалыптасып кетті. Егер техникалық мүмкіндігіңіз жетсе, оны өз қолыңызбен, ал мүмкіндігіңіз жетпесе http://www.aweber.com/ сынды ақылы жүйелерге жүгінгеніңіз дұрыс.

Контент бәрін белгілейді

11. Ақпаратты бірінші болып беріңіз. Егер өз сайтыңызға (блогыңызға) ақпаратты бірінші болып берсеңіз, сол мезгілдегі барлық ақпарат құралы сізге сілтеме  жасауы, сізді тілге тиек ете кетуі мүмкін. Іздеу жүйелері де сізді бірінші қылып ұсынады. Бұл әрине, сайт рейтингісін көтереді.
12. Талас-тартыс тудыратын мақала жазыңыз. Бүгінде ең өзекті болып тұрған тақырыптарды немесе адамдардың бәріне қатысты, бәрінің жанды жеріне тиетіндей жазба жазыңыз. Ұқсамаған көзқарастарға орын беріңіз. Егер пікірталас тудыра алсаңыз барлық жақтағы сілтеме сіздің сайтыңызға қойылады. Нәтижесінде сайт рейтингісі көтеріле түседі.
13. «Топ 10» тізімін жасаңыз. Ғаламтор пайдаланушылары «Ең үздік он пәленбай», «ТОП 10 кино», «2014 ТОП 10 ән» деген сияқты тақырппен іздеу жасауды жандары қалап тұрады.
14. «Топ 100» тізімін жасаңыз. Егер «ТОП 10» өз нәтижесін көрсетіп жатса, адамдар «Топ жүз ХХХ» тізімін де іздейді деген сөз. Сіз 100 үздік дүниені білмеуіңіз мүмкін, бірақ, сауалнама арқылы, не өзге тілден аудару арқылы да оқырманға ұсына аласыз.
15. Белгілі бір заттың қолданбасын жазыңыз. Адамдар жаңа затты қолданып үйренуді сүйеді және алдымен оны қалай қолдану керектігін ғаламтордан «сұрап» алады. Дәл осы «сұрап» отырған зат сіздің «Былай да, былай қолдану керек, онда мына дүниелерге назар аудару керек» деген сыңайлы жазбаңызда оған бірінші болып кездессе нұр үстіне нұр болар еді.
16. Сұхбат жасап тұру. Сұхбат жанры бүгінгі ақпаратта ең жауыр болған, ең көп кездесетін жанр түрі болса да, қазір әрбір сұхбат берушіде блог не әлеуметтік желі парақшасы бар. Сіздің сұхбатыңыз сайтқа жарияланған соң сұхбат беруші міндетті түрде өз парақшасына осы сілтемені жариялайды. Бұл әдіс те сіздің сайтқа «ат мінгізбесе» де, «шапан жабады».
17. Белгілі бір бағдарлама туралы немесе белгілі бір мерзімде қайталанып тұратын шара жайлы жазу. Бағдарлама телеарнада немесе радиода болуы мүмкін, өтетін шара ай сайын не жыл сайын өтуі мүмкін, егер осы туралы тұрақты жазып тұрсаңыз, осы тақырыптағы іздеушілер міндетті түрде сіздің сайтыңызға келеді. Мысалы, айт мерекелері, Олимпиада, футболдан ӘЧ, жыл сайынғы концерттік шаралар, сайлаулар.

(Жалғасы бар)

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: osnova-seo.info

M. Auelkhan